Skip to main content

Бұзушылықтар мен тиімсіз шығындар 1,7 млрд теңге: «Каспий» ӘКК

Submitted by Вера Александрова on

Ревизиялық комиссия Маңғыстау облысы бойынша «Каспий» ӘКК» АҚ қызметінде бұзушылықтарды анықтады. 

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен 2 жылда ӘКК 747 млн теңгеден астам сомаға бұзушылықтарға жол берген. Оның ішінде 730 млн теңге көлеміндегі бұзушылықтар қалпына келтірілуге, ал тағы 17 млн теңгеден астамы бюджетке өтелуге жатады. 

Сонымен қатар, ведомство 1,7 млрд теңгеден астам қаражаттың (оның ішінде 456 млн теңге көлеміндегі активтердің) тиімсіз пайдаланылғанын анықтады. Осы кезеңдегі ұтылған пайда 2,3 млрд теңгеден асты.

«Атап айтқанда, ӘКК әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін бөлінген қаражат есебінен кәсіпкерлік субъектілеріне несие беруге 500 млн теңгеден астам қаражатты негізсіз пайдаланған. Бұл ретте өңірде бағаны тұрақтандыру бойынша тікелей жұмыс толық көлемде жүргізілмеген. Атап айтқанда, сиыр еті, тауық еті және сары май сатып алынбаған», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, 2022-2023 жылдары ӘКК 18 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлаған, оның 8-і іске қосылмаған. Нәтижесінде 154 млн теңге көлеміндегі ақша қаражаты мен активтер тиімсіз жұмсалған. 

ӘКК қуаты 12 МВт күн электр станциясын салу, жүзімдіктер отырғызу, балық өнімдерін қайта өңдеу шағын цехын құру, ұн тарту цехын ашу және т.б. жобаларды іске асырмағаны хабарланады.

«Жүргізілген аудит қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде тиісті нұсқамалар әзірленді», - деп хабарлады ведомство.

Еске салайық, бұған дейін «SHYMKENT» ӘКК» АҚ бизнес субъектілерінің құқықтарын шектегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 105 млн теңге айыппұл салынған болатын.