Шымкентте ауылшаруашылық жобасын жүзеге асыру кезінде лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланғандығы туралы іс бойынша сот талқылауы аяқталды.
Бас прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, заңбұзушылықтар 2021 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (АНК) құрамына енген «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ қызметінде анықталған.
Қылмыс «Шымкент қаласында екі алма бағын салу» жобасын жүзеге асыру кезінде жасалған. Тергеу деректері бойынша, АНК басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Мұрат Исқақов жеткізушінің мүддесін көздеп, техникалық сипаттамаға және мәлімделген параметрлерге сәйкес келмейтін алма бақтарын пайдалануға қабылдаған.
Орындалмаған жұмыстардың сомасы 430,6 млн теңгені құраған. Сараптама қорытындылары бойынша мемлекетке келтірілген жалпы залал 685,8 млн теңгеге тең.
Тергеу қорытындысы бойынша сотқа өкілеттіктерді теріс пайдалану, алаяқтық және бөтен мүлікті иемдену баптары бойынша қылмыстық іс жолданды.
7 тамызда Шымкент қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Исқақовты және мердігер ұйымның директорын мүлкін тәркілей отырып, 8 жыл бас бостандығынан айыруға соттады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, өткен жылдың маусым айында пара алғаны үшін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша АНК филиалының бұрынғы басшысы Алмат Қожахметов сотталған болатын.
Фонд-бюро расследования коррупции