Солтүстік Қазақстан облысында Тайынша ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТҮКШ) бөлімінің басшысына үкім шығарылды. Ол бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Өңір прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, құқық қорғау органдары ТҮКШ бөліміндегі тексеру барысында 15,9 млн теңге жымқыру фактісін анықтаған.
Белгілі болғандай, басшы Тайынша қаласының әлеуметтік маңызы бар нысандарын жылумен қамтамасыз ету үшін модульдік құбыр желісін сатып алуға кәсіпкермен бір көзден мемлекеттік сатып алу шартын жалған жасасқан.
Сонымен қатар, ол кәсіпкерді өзінің заңсыз әрекеттері туралы хабардар етпеген.
«Анықталған бұзушылықтар бойынша 2024 жылғы 6 шілдеде аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», – делінген хабарламада.
Нәтижесінде бөлім басшысы кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық Банкте және оның құрылымдарында, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салына отырып, 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұрын сол ауданда парақорлық үшін аудан әкімдігінің лауазымды тұлғалары мен жергілікті кәсіпкер сотталған болатын. Аудан әкімінің орынбасары мен ТҮКШ бөлімінің басшысы кәсіпкерден жол жөндеу жұмыстарының орындалғаны туралы актілерге кедергісіз қол қою үшін 10 млн теңге көлемінде пара алғаны хабарланған.
Нәтижесінде Петропавл қалалық соты оларға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салына отырып, 3 жыл 6 айдан 7 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Фонд-бюро расследования коррупции