Skip to main content

5 млрд теңгеден астам қаржы арнайы қордан Қостанай облысының сумен жабдықтауына бөлінді

Submitted by Вера Александрова on

Арнайы мемлекеттік қордан Қостанай облысының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін шамамен 5,4 млрд теңге бөлінді.

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта Тобыл қаласында халықтың 87,9%-ы сумен жабдықтау қызметіне қол жеткізе алады. Қамтуды 100%-ға дейін ұлғайту үшін елді мекенде 100 км-ден астам су құбыры желілерінің құрылысы басталды. Оған қордан 1,4 млрд теңге бөлінді. Арқалық қаласында су құбырын тартуға тағы 872 млн теңге бөлінді. 

«Жобаны іске асыру 13 мыңнан астам халқы бар қаланы ауыз сумен қамтамасыз етуге, 2025 жылдың соңына қарай сумен жабдықтау қызметіне қолжетімділікті 96,5%-дан 100%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Қарабалық, Денисов, Қостанай, Федоров аудандары мен Бейімбет Майлин ауданының, сондай-ақ Арқалық қаласындағы Молодежный кентінің ауылдарында 3 млрд теңгеден астам сомаға сумен жабдықтау желілерін салу жоспарлануда.

Жалпы, Қостанай бойынша сумен жабдықтау қызметіне қолжетімділік 99% құраса, ауылдық жерлерде – 90,3%.

Еске сала кетейік, активтерді заңсыз шығарумен күрес аясында Қазақстанға қайтарылған қаражат Арнайы мемлекеттік қорға түседі, одан мектептер, ауруханалар салу және инфрақұрылымды жаңғыртуды қоса алғанда, әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалады.

Қаңтар айында хабарланғандай, қайтарылған активтер есебінен Алматы облысы Кеген ауданының Жалағаш ауылында құны 1,1 млрд теңге болатын спорт кешенін салу жоспарлануда.

Ақпан айының басында үкімет қордан Ұлытау облысы Қаражал қаласында мектеп салуға 1,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Кейінірек тағы Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Көксай ауылында мектеп салуға 1,4 млрд теңге бөлінгені белгілі болды.

Сондай-ақ қордан Семейде Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын салуға 2,6 млрд теңге бөлінді. Қаржыландырылатын жобалар тізбесіне Астанада Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадионның құрылысы енгізілді.

Наурыз айының басында үкімет Қызылорда облысы Арал ауданында сумен жабдықтау жүйелерін салуға және жаңғыртуға Арнайы мемлекеттік қордан шамамен 4,2 млрд теңге бағыттады.

Сәуір айында үкімет Ақмола облысының Көкшетау және Макинск қалаларының тұрғындарын сумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін Арнайы мемлекеттік қордан 1 млрд теңге бөлуді шешті. 

Мамыр айында үкімет Жамбыл облысының Қордай және Талас аудандарындағы екі дәрігерлік амбулаторияның құрылысын аяқтауға қордан 319,5 млн теңге бөлуді шешті.