Skip to main content

Балқаш прокуратурасы 1,2 млрд теңге бюджет қаражатының жұмсалуының алдын алды

Submitted by Вера Александрова on

Балқаш прокуратурасы мемлекеттік сатып алу саласында 1,2 млрд теңге сомасындағы бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алды.

Қарағанды облысы прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері ведомствоның бастамасымен жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асатын алты мемлекеттік сатып алу рәсімі күшін жойды. Оның ішінде Балқаш қаласына 1,2 млрд теңге тиесілі.

Бұған сметалық құнның асыра бағалануы, конкурстық құжаттамаға экономикалық тұрғыдан негізделмеген жұмыс көлемдерін қосу және бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану қаупін туғызатын басқа да деректер негіз болды.

Үнемделген қаражатты қаланың өзекті әлеуметтік міндеттерін шешуге жұмсау жоспарлануда. 

«Қала прокуратурасы мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтарды анықтау және бюджет қаражатын жұмсаудың ашық, тиімді болуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысын жалғастырады», - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысы Курчатов қаласының прокуратурасы бағаның асыра бағаланғанын анықтап, жалпы құны 9 млн теңгеден асатын екі киіз үйді сатып алу лотын күшін жойды. Лот жиһазсыз және ұлттық әшекейсіз тек киіз үйлерді сатып алуды көздеген. Журналистер мамыр-маусым айларындағы осындай сатып алуларды талдап, 12 арқанды киіз үйлердің ең жоғары бағасы 2,6 млн теңгеден аспайтынын анықтады.