Skip to main content

Аудиторлар Nazarbayev University және ҚазМұнайГазды тексеруге дайындалып жатыр

Submitted by Вера Александрова on

Жоғары аудиторлық палатасының (ЖАП) төрағасы Әлихан Смайылов мемлекет басшысына ведомствоның осы жылдың ІІ тоқсанындағы қызмет қорытындыларын ұсынды. 

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, аудиторлар көлік саласын, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары мен Алматы облысының бюджеттерін, сондай-ақ қазақстандықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласын тексерді. 

Аудит нәтижесінде 73 нысан мен 2,9 трлн теңгеден асатын шығыстар тексеріліп, ведомство қызметкерлері 39 млрд теңгеден астам қаржылық бұзушылықтарды анықтағаны хабарланды. 

Сонымен қатар ЖАП басшысы биылғы жылдың ІІ жартыжылдығында өткізу жоспарланған аудиторлық іс-шаралар туралы баяндады. 

Оның айтуынша, олар Nazarbayev University, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қызметін, сот жүйесін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және құрылыстағы жекелеген бағыттарды қамтиды. 

Айта кетейік, маусым айында ғылым министрі Саясат Нұрбек ЖАП Nazarbayev University-де аудит жүргізіп жатқанын айтқан. Тексерістен кейін ғылым және жоғары білім министрлігі университеттің стратегиясын түзетеді деп күтілген еді. Сол кезде аудит қорытындысы бойынша отырыс жаз соңына жоспарланғаны хабарланған болатын. 

Еске салайық, бұған дейін ЖАП Ұлттық аккредиттеу орталығын (ҰАО) әкімшілік жауапкершілікке тартқан еді. Белгілі болғандай, Орталық жетекші мемлекеттік орган бекіткен бағамен емес, өзі белгілеген бағалар бойынша бірқатар қызмет көрсеткен. Нәтижесінде ҰАО-ға айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Шілдеде ЖАП-та «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» (ӘМСҚ) КЕАҚ-ның 2022-2023 жылдардағы тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары қаралды. Аудит 3,8 трлн теңге көлеміндегі қаражат пен активтерді қамтып, 13 ұйымды қозғады. 

Оның қорытындысы бойынша: 32 млрд теңгеден астам рәсімдік бұзушылықтар, сондай-ақ 31,1 млрд теңгеге тиімсіз жоспарлау және қаражатты пайдалану анықталды. Қаржылық шығындар мен өткізіп алған пайда сомасы 11,8 млн теңгені құрады.