Skip to main content

Атырау облысындағы аудандық әкім әйелін ұрғаны үшін бас бостандығын шектеумен құтылды

Submitted by Вера Александрова on

Мақат ауданының бұрынғы әкімі Ринат Ибрагимов Атырау облысында әйелін ұрып-салғаны үшін үкім шығарылды. 

ҚР Жоғарғы соты баспасөз қызметінің мәліметінше, ол өзіне материалдық немесе өзге тәуелділіктегі адамның денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірді деп айыпталды.

«2023 жылғы 31 мамырда Атыраудағы пәтерде И.Р. мен оның әйелі Ә.А. арасында жанжал болды. Жанжал кезінде И.Р. жәбірленушінің оған материалдық тәуелділігін пайдаланып, осы негізде жанжал шығарып, жұбайы Ә.А.-ның оң иығынан ұстап, оны бөлмеге алып кіріп, есікті жауып алды. Оған ешкімнің кедергі келтірмейтініне көз жеткізіп, денсаулығына қасақана зиян келтіру мақсатында Ә.А.-ны еденге құлатып, сол жақ жамбас аймағына бірнеше рет аяғымен тепті, нәтижесінде жәбірленуші Ә.А.-ның денсаулығына 5-ші омыртқаның ығысуынсыз сынуы түріндегі орташа ауырлықтағы зиян келтірілді», – делінген сот шешімінде.

Нәтижесінде сот Ибрагимовты кінәлі деп танып, оған 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Жәбірленушінің 20 млн теңге көлеміндегі моральдық зиянды өндіріп алу туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Бұрынғы әкімнен жәбірленушінің пайдасына өтемақы ретінде 2 млн теңге өндірілді. 

Еске сала кетейік, бұған дейін бұрынғы әкімнің жұбайы Ақмарал Әубекірқызы күйеуі Ринат Ибрагимовтың оны 11 жыл бойы ұрып-салғанын және тіпті балаларын тартып алғанын мәлімдеген еді. Әйел Ибрагимов 2023 жылдың мамырында тағы да оған қол көтергенін айтқан. Айта кету керек, ол танымал спортшы, дзюдошы, Пекин және Лондон Олимпиадаларына қатысқан. 

Осыдан сәл бұрын БАӘ елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың жұбайы Карина Мамаш оны 10 жыл бойы жүйелі түрде физикалық және жыныстық зорлық-зомбылық жасады деп айыптағаны белгілі болды. Кейін әйелдің мәлімдемесінен кейін дипломат қызметінен босатылып, қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.