Skip to main content

«Астана-Зеленстрой» қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етеді

Submitted by Вера Александрова on

Жасылдандыру және абаттандырумен айналысатын «Астана-Зеленстрой» ЖШС қызметкерлері жалақының төмендігіне байланысты ереуілге шықты. 

«Выход к правде» Telegram-арнасының дерегінше, ереуілшілер компанияның бас кеңсесінің алдына жиналған. Наразылықтың себебі — жалақының төмендігі және басшылықтың оны көтеру туралы уәделерін орындамауы. 

«Біз мұнда жалақы уақытында берілмейтіндіктен немесе лауазымдық айлықтан аз берілетіндіктен шықтық. Үш жылдан бері көтереміз деп уәде береді. Бізде тағы басқа да көптеген мәселелер бар. Директор балағаттайды. Қазір осында учаскелік полицей келді, жолды жауып тастамаңдар және ұрыс-керіс шығармаңдар деді. Бірақ біз жанжал қаламаймыз – тек жалақыны көтеруді талап етеміз», – деді жұмысшылардың бірі.

Еске сала кетейік, өткен жылдың маусым айында белгілі болғандай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Астана-Зеленстрой» ЖШС бұрынғы бас директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Ол қылмыстық істі тоқтату үшін құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғаларына 15 млн теңге көлемінде пара беруге итермелеуге күдікті.

2023 жылдың қыркүйегінде хабарланғандай, елордалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасы» ММ, сондай-ақ оған бағынысты «Астана-Зеленстрой» ЖШС ұйымының қызметін сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тексермек болған.

Оған қоса, «Астана-Зеленстрой» ЖШС бас директоры «Табиғат-Сервис НС» ЖШС директорының орынбасарынан жасыл желектерді күтіп-ұстау бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін 9 млн теңге көлемінде пара алғаны белгілі болды. Кейін пара алғаны үшін бас директорға 185 млн теңге айыппұл түріндегі жаза тағайындалды, пара беруші 135 млн теңге айыппұлға сотталды.

Сонымен қатар, 2022 жылы «Астана-Зеленстрой» ЖШС 400 млн теңгеге арнайы техниканы жалға алды және мемлекеттік сатып алу порталы арқылы Lamborghini қозғалтқышын 3 млн теңгеге жөндеуге ниеттенген. Ал 2020 жылы пандемия кезінде ЖШС мемлекеттік сатып алу шарты аясында 2,7 млрд теңгеге елорданың Алматы ауданын абаттандыру және жасылдандырумен айналысуы тиіс компаниялар тізіміне енген.