Skip to main content

"Астана-Зеленстрой" бұрынғы бас директоры параға итермелеуге күдіктелуде

Submitted by Вера Александрова on

Елорданың бұрынғы бас көгалдандырушысы алаяқтыққа күдіктелуде.

«Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Астана-Зеленстрой» ЖШС бұрынғы бас директорына қатысты сотқа дейінгі тергеуді жүргізуде» - деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі. 

Ведомствоның деректері бойынша, ол қылмыстық істі тоқтату үшін құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғаларына 15 млн теңге беруге итермелеген.

Сонымен қатар, ол лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікке ілінген. Тергеу нұсқасы бойынша, ол тапсырыс берушілері жергілікті атқарушы органдар болған көп жылдық бұталарды отырғызу бойынша орындалған жұмыстардың құнын асыра көрсеткен. 

«Сот санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесінде таратылуға жатпайды», - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін хабарланғандай, елордалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасы» ММ және оған қарасты «Астана-Зеленстрой» ЖШС ұйымының қызметін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар-жоғына тексеретін болады.

Сонымен қатар, «Астана-Зеленстрой» ЖШС бас директоры «Табиғат-Сервис НС» ЖШС директорының орынбасарынан көгалдандыру жұмыстарын орындау актілеріне кедергісіз қол қою үшін 9 млн теңге көлемінде пара алғаны белгілі болды. Кейін пара алғаны үшін бас директорға 185 млн теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалғаны, ал пара беруші 135 млн теңге көлемінде айыппұлға сотталғаны мәлім болды.

Бұдан басқа, 2022 жылы «Астана-Зеленстрой» ЖШС 400 млн теңгеге арнайы техниканы жалға алған және мемлекеттік сатып алу порталы арқылы Lamborghini қозғалтқышын 3 млн теңгеге жөндеуді көздеген. Ал 2020 жылы пандемия кезінде ЖШС мемлекеттік сатып алу шарты аясында 2,7 млрд теңгеге елорданың Алматы ауданын абаттандырумен және көгалдандырумен айналысуы тиіс компаниялар тізіміне енген.