Skip to main content

Ақтөбе облысында 5 ақбөкеннің өлексесімен ұсталған адам браконьерлікке күдіктелуде

Submitted by Вера Александрова on

Ақтөбе облысында браконьерлікке күдікті ұсталды.

Polisia.kz мәліметі бойынша, құқық қорғау органдары Самара — Шымкент трассасында Қарабұтақ ауылының маңында Lada Largus көлігін тоқтатты. Көлік салонынан ет салынған пакеттер табылды.

Рөлдегі ер адам пакеттерде бес ақбөкеннің еті бар екенін, оны далада Ырғыз ауданы аумағында мотоциклмен қағып кеткенін айтты.

Алдын ала келтірілген залал 20 млн теңге деп бағалануда. Полицейлер қылмыстық тергеу бастады.

Еске сала кетейік, бұған дейін хабарланғандай, ағымдағы жылдың алғашқы 4 айында заңсыз айналымнан 15 200 метр балық аулау торлары, 9 тонна балық және балық өнімдері, шамамен 3,5 мың ақбөкен мүйізі, 135 дана аңшылық қару және 81 текше метр заңсыз дайындалған орман алынды. 

Наурызда Жетісу облысы ҰҚК шекара қызметі департаменті шекара маңы аймағында Қазақстанның үш азаматын 1382 дана ақбөкен мүйізін шығаруға әрекеттенген кезде ұстады. Сонда мемлекетке келтірілген залал 3,5 млрд теңгеден астам деп бағаланды. Айта кетейік, біздің деректер бойынша, қара нарықта бір мүйіз шамамен $2 мың тұрады.

Тамызда Ұлытау облысында ақбөкендерге заңсыз аң аулаумен айналысқан қарулы браконьерлер ұсталды. Ұсталғандар екі мотоциклмен жүрген. Браконьерлерден 15 дана ақбөкен ұшасы, 29 кесілген мүйіз және екі тегіс ұңғылы мылтық табылды.

ФБРК редакциясы ақбөкендерді табиғи мекендеу ортасынан «алып қою» науқанының толық хронологиясын жинады. Онымен сілтеме арқылы танысуға болады.