Ақмола облысында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы Жүкей көлінде балықты заңсыз аулағаны үшін кінәлі деп танылған бір топ адамға үкім шығарылды.
Өңірлік прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, іс ҚК-нің 335-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы («Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау») бойынша тергелген.
Тергеу өткен жылдың қыркүйегінде үш азаматтың түнгі уақытта үрлемелі қайықтар мен балық аулау торларын пайдаланып, көлден 640 кг-нан астам балықты заңсыз аулағанын анықтады.
Мемлекетке келтірілген залал сомасы 9 млн теңгеден асты. Біржан сал ауданының прокуроры істі Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолдады.
Сот үкімімен үш фигурант кінәлі деп танылып, 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасына және 5 жыл мерзімге балық аулау кәсіпшілігімен айналысуға тыйым салумен сотталды.
Естеріңізге сала кетейік, осы іс бойынша фигуранттардың ұсталғаны туралы өткен жылдың қыркүйегінде хабарланған болатын. Атап өтілгендей, бұл ұлттық парк аумағындағы соңғы 5 жылдағы балық браконьерлігінің ең ірі оқиғасы болды.
Бес күннен кейін Жүкей көлінде Түркістан облысынан келген браконьер ұсталды. Оның көлігінің багажнигінен жедел қызметкерлер 160 кг балық, резеңке қайық және балық аулау торларын тапты.
Кейін полицейлер су айдынында заңсыз балық аулауға күдікті үш адамды ұстады – олар Астананың екі тұрғыны және бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған Жамбыл облысының тумасы болып шықты. Оқиға орнынан жалпы салмағы 132 кг балық алынды.
Фонд-бюро расследования коррупции