Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша ауқымды науқан басталды. Жаңа заң, Бас прокуратура жанындағы арнайы комитет және ерікті және мәжбүрлеп қайтарудың ойластырылған тетіктері бұрын орындалмас болып көрінген міндеттерді шешуге негіз болды.
2023 жылғы қыркүйекте Президенттің тапсырмасы негізінде «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң күшіне енді, ал қазан айында Бас прокуратура жанынан активтерді қайтару комитеті құрылды.
Заңның орындалуы үш негізгі құрылымға жүктелген: премьер-министрдің жетекшілігімен заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссия, Бас прокуратураның активтерді қайтару комитеті және қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания.
Атап айтқанда, құрамына негізгі мемлекеттік органдардың алғашқы басшылары, депутаттар және азаматтық қоғам өкілдері кірген комиссия активтерді қайтарудың жүйелі шаралары, тетіктері мен тәсілдері бойынша ұсынымдар әзірлеумен айналысады.
Өз кезегінде, активтерді қайтару комитеті заңсыз сатып алынған мүлікті анықтаумен, тексерумен және қайтарумен айналысады. Ведомство сондай-ақ шетелде орналасқан активтерді қайтару үшін халықаралық серіктестермен ынтымақтасады.
Заң қайтарудың екі негізгі тетігін енгізді: ерікті және мәжбүрлеп.
Ерікті қайтару активтерді мемлекетке беруді немесе әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруды, кейде – қылмыстық жазадан құтылу мақсатында көздейді.
Қаражат ауылдық аймақтарды дамытуға ықпал ететін мектептер, спорттық және басқа инфрақұрылымдық нысандарды салуға бағытталады.
Мысалы, қараша айының өзінде мемлекет кірісіне 525 млрд теңге қайтарылды. Қаражатты әлеуметтік жобаларды іске асыруға жұмсау жоспарлануда.
Оған дейін – қазан айында хабарланғандай, Ақмола облысы Зеренді ауылында спорт кешенін және Түркістан облысы Темірлан ауылында музыка мектебін салуға Арнайы мемлекеттік қордан қаражат бөлу жоспарланған, бүгінде онда мемлекетке қайтарылған 177 млрд теңге қаражат жинақталған.
Мәжбүрлеп қайтару тетігі активтердің шығу тегінің заңдылығына күмән туғанда қолданылады. Мұндағы негізгі құрал – түсіндірілмейтін байлық туралы талап қою, ол бойынша меншік иесі заңды шығу тегін дәлелдемесе, мүлікті сот шешімімен алып қоюға болады.
Заңның әсерін алғашқылардың бірі болып Қайрат Боранбаев сезінді, ол өткен жылдың тамыз айында кінәсін мойындап, мемлекетке 1,5 млрд доллар сомасындағы активтерді қайтарды.
Еске салайық, 2023 жылғы наурызда Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы – Қайрат Боранбаев квазимемлекеттік секторда ерекше ірі мөлшерде қаражатты жымқырды деген күдікпен сот алдына келді.
Биылғы мамырда Қайрат Боранбаев мемлекетке 134,5 млрд теңгені қайтарғаны хабарланды, бірақ сома әлі де өсуі мүмкін.
Заң күшіне енгеннен бері мемлекетке шамамен 1 трлн теңге сомасындағы активтер қайтарылды. Оның 220 млрд теңгеден астамы Арнайы мемлекеттік қорға жіберілді, ал қалған бөлігі жарғылық капиталына мемлекеттің толық қатысуымен қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияға берілді.
Сонда бұл процесс әрбір қазақстандық үшін неге соншалықты маңызды?
Елден заңсыз шығарылған активтер бюджетке қайтарылғанда, олар адамдардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін аймақтарды дамыту, денсаулық сақтау, білім беру, көлік және басқа салаларды қаржыландыру көзіне айналады.
Сонымен қатар, бұл процесс азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтады. Адамдар олардың салықтары мен ресурстары тиімді және қоғам игілігі үшін пайдаланылып жатқанын, жекелеген адамдардың жеке пайдасы үшін емес екенін көреді. Активтерді қайтару әділдік сезімін арттырады: қылмыскерлер өз әрекеттері үшін жазаланады, ал азаматтар өз мүдделерінің қорғалуын сезінеді.
Соңында, қайтарылған әрбір теңге – Қазақстан халқының әл-ауқатына салынған инвестиция.
Фонд-бюро расследования коррупции