Активтер 325 млрд теңгеден астам, оның ішінде 272 млрд теңге көлеміндегі ақша қаражаты мемлекет пайдасына алынды. Олар әлеуметтік және экономикалық жобаларды іске асыруға жұмсалады.
«Бүгінгі күні Бас прокуратура Қазақстандағы 1 мыңнан астам мүлік объектісі және шетелдегі 150-ден астам объект туралы мәліметтерді талдауда. Талдауға 600 млрд теңгеге бағалы қағаздар да енгізілді. Ел ішінде 200-ден астам, шетелде 140 банктік шот анықталды. Шамамен 2 трлн теңгеге күдікті транзакциялар тексерілуде», - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, мемлекетке ел ішінде және шетелде 50 млрд теңгеден астам сомаға активтер берілгені белгілі болды. Олардың қатарында стратегиялық кен орындары, монополист компаниялар, ондаған мың гектар жер, сондай-ақ өндірістік объектілер, қонақ үйлер, бизнес-орталықтар, виллалар, пәтерлер, люкс автомобильдер, зергерлік бұйымдар және басқалар бар.
«Тізілімдегі кейбір субъектілер жалпы құны 30 млрд теңге болатын жоғары технологиялық инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша ерікті түрде міндеттеме қабылдады. Олардың қатарында химиялық және тамақ өнімдерін, құбырларды, орамаларды және т.б. шығаратын өндірістік объектілер бар. Осылайша кемінде 300 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда, жылдық салық төлемдері 1 млрд теңгеден асуы тиіс», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, активтерді қайтару тізіліміндегі адамдар 5 млрд теңгеден астам құны бар заманауи мәдени-білім беру орталығын салуға ерікті түрде міндеттенді, оның қызметтерін ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен басқа да әлеуметтік осал топтардың өкілдері тегін пайдалана алады.
«Мәжбүрлеу тетіктерін іске асыру аясында Бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитеті көптеген талап-арыздар берді, оның ішінде түсіндірілмеген текті активтерге қатысты. Солардың бірі бойынша 11 млн АҚШ долларынан астам, сондай-ақ 400 млн теңге сомасындағы зергерлік бұйымдар мен мәдени құндылықтарды мәжбүрлеп қайтару туралы сот шешімі шығарылып, күшіне енді», - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, 2022 жылдан бері мемлекетке жалпы 1,7 трлн теңгеге жуық, оның ішінде шетелден 750 млн АҚШ долларынан астам сомаға активтер қайтарылды.
Еске салайық, бұған дейін белгілі болғандай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет экс-президент Назарбаевтың жиені – Қайрат Сатыбалдының ісі бойынша мемлекетке тағы 50 млрд теңгені қайтаруды жоспарлап отыр.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекетке Сатыбалдының және оған қатысты тұлғалардың жалпы сомасы 732 млрд теңгеден астам мүліктік активтері мен ақша қаражатын қайтаруды қамтамасыз еткені хабарланған болатын.
Фонд-бюро расследования коррупции