Skip to main content

59 млн жоғалтты Алматыдағы қаржы пирамидасының салымшылары

Submitted by Вера Александрова on

Алмалы аудандық соты Алматы қаласында қаржы пирамидасын құру және басқару деп айыпталғандарға қатысты қылмыстық істі қарады. 

Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, айыпталушылар шетелдік азаматтармен сөз байласып, болашақ салымшылар ақша операцияларын бақылайтындай интернет-платформа құрған. 

Клиенттерді әлеуметтік желілердегі жарнама, брошюралар тарату, онлайн тренингтер өткізу, өз жобасын инвестициялық компания ретінде таныстыру және әрбір салымшы ай сайын салған сомасынан 5-тен 15%-ке дейін алатынына уәде беру арқылы тартқан.

«Қаржы пирамидасы стандартты жүйе бойынша айналды: алғашқы салымшылар кейінгілердің есебінен дивидендтер алды. Алаяқтық барысында 13 адам жалпы сомасы 59 894 237 теңге материалдық шығынға ұшырады», - делінген хабарламада.

Өз кезегінде жәбірленушілердің бір бөлігі айыпталушыларға материалдық талаптарының жоқтығын мәлімдесе, төртеуі соттан материалдық шығынды өндіріп алуды сұраған. 

Нәтижесінде сот айыпталушыларды қаржы пирамидасын құру және басқаруда кінәлі деп танып, оларға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қанағаттандырды. 

Шетелдік азаматтарға қатысты іс жеке іс жүргізуге бөлінгені хабарланады.