Премьер-министр Олжас Бектенов қоғамдық тамақтандыру мекемелерінде газ баллондарын сақтау және пайдалану талаптарының сақталуын тексеруді тапсырды. Тиісті тапсырмалар әкімдіктерге, төтенше жағдайлар министрлігіне (ТЖМ) және Бас прокуратураға Үкімет отырысында берілді.
ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ҚАНДАЙ ТАПСЫРМАЛАР БЕРДІ
Олжас Бектенов қызмет көрсету саласы объектілерінде газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.
«Қызмет көрсету саласының үй-жайлары тұрғын үйлерге қосылып салынған немесе сол үйлерде орналасқан ұйымдарға ерекше назар аудару қажет», — деп атап өтті премьер-министр.
Әкімдіктерге, ТЖМ-ге Бас прокуратурамен бірлесіп, газ баллондарын сақтау және пайдалану жағдайларын бақылау үшін қоғамдық тамақтандыру мекемелерінде тексеру жүргізу тапсырылды.
Тапсырмаға сәйкес, тексерулер қызмет көрсету саласы объектілерінде газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталу мәселелерін қамтуы тиіс.
ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДА НЕ ТАПСЫРЫЛДЫ
Газ жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік мәселелерінен басқа, Олжас Бектенов қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін және сақтандыру қорғанысын қамтамасыз ету жұмысын күшейтуді тапсырды.
Өңірлердің әкімдіктеріне жұмыс берушілермен бірлесіп, ұжымдық шарттар жасасу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізу тапсырылды.
Сондай-ақ, премьер-министр атап өткендей, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарына қол қоюды қамтамасыз ету қажет. Бұл құрылыс саласы мен қызмет көрсету саласына да қатысты.
Фонд-бюро расследования коррупции