Skip to main content

Автокөлікке газды дұрыс орнатпағаны үшін жаза қатаңдатылады

Submitted by Вера Александрова on

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов көлікті газға сапасыз қайта жабдықтау үшін жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. 

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қатаңдату, атап айтқанда, кәсіпкерлерге қатысты болады. 

Премьер-Министрдің айтуынша, елде газбаллондық жабдықты орнату кезіндегі бұзушылықтар саны артып келеді. Себебі автокөлік иелерінің көбі отын ретінде сұйытылған мұнай газына көшуде.

«Мұндай прецеденттер біздің азаматтарымыздың өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан ІІМ мен Энергетика министрлігіне кәсіпкерлердің көлікті кәсіби емес қайта жабдықтауы және техпаспортта тиісті белгінің болмауы үшін жауапкершілігін күшейту шараларын қабылдауды тапсырамын», – деді Олжас Бектенов үкімет отырысында. 

Сонымен қатар, ол баламалы отын – сығылған табиғи газды өндіруді ынталандыру қажеттігін атап өтті. 

Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне және QazaqGaz ұлттық компаниясына газ өңдеу зауыттарын салу және жаңа газ кен орындарын игеру бойынша жол карталарын әзірлеуді тапсырды. 

Олжас Бектенов Ұлттық Құрылтай отырысында Президент халықты газбен қамтамасыз етуді және газ құбырларын жаңғыртумен айналысуды тапсырғанын еске салды. 

Ол Энергетика министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Самұрық-Қазына» қоры осы мақсаттарға бөлген 105 млрд теңге көлеміндегі қаражаттың уақтылы игерілуін қамтамасыз ету тапсырылғанын атап өтті. 

Желілерді салу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Еске салайық, 1 шілдеден бастап Қазақстанда сұйытылған газға баға көтерілді. Энергетика министрлігі мұндай шешімді отынға сұраныстың артуымен түсіндірді. 

Бұған дейін хабарланғандай, сұйытылған мұнай газын, пропан мен бутанды автомобиль және теміржол көлігімен әкетуге тыйым салу тағы алты айға ұзартылды.