Қазақстанда мемлекеттік мүлікті жекешелендіру ережелері өзгертілді: енді активтерді қайталама сауда-саттықта шамадан тыс төмен бағамен сатуға болмайды, ал стратегиялық инвесторларға тікелей сату тетігі жойылды.
ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ
Жоғарғы аудиторлық палатаның (ЖАП) мәліметінше, өзгерістер жекешелендіру саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігіне аудит жүргізу және 2016–2020 және 2021–2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарларының орындалуын талдау нәтижесінде қабылданды.
ЖАП ұсыныстарының бірі бағаны төмендету арқылы қайталама сауда-саттықта шектеулер енгізу болды. Бұрын заңнама үшінші және одан кейінгі аукциондарда мүлік құнының ең төменгі шегін белгілемеген. Бұл мемлекеттік активтердің символдық бағамен сатылу қаупін туғызды.
Аудиторлар мұндай сауда-саттықта баға кепілдік жарна мөлшерінен төмен болмауы тиіс деген ережені бекітуді ұсынды. Бұл норма «Азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға енгізілді.
СТРАТЕГИЯЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАРҒА ТІКЕЛЕЙ САТУ НЕГЕ ЖОЙЫЛДЫ
Екінші өзгеріс мемлекеттік мүлікті стратегиялық инвесторларға тікелей сату тетігіне қатысты. Бұрын мұндай тәртіп активтерді конкурстық рәсімдерсіз өткізуге мүмкіндік берген.
ЖАП мұндай тетіктің ашықтық қағидатына қайшы келетінін көрсетті. Аудиторлардың ұсынысы бойынша тікелей сату туралы норма заңнамадан толығымен алынып тасталды.
БҰЛ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ЖҮЙЕСІНДЕ НЕНІ ӨЗГЕРТЕДІ
Енгізілген өзгерістерден кейін жекешелендіру рәсімдері неғұрлым ашық болды. Қайталама сауда-саттықта ең төменгі құнды шектеу мемлекеттік активтерді төмендетілген бағамен сатудан қорғауға бағытталған.
ЖАП-та атап өткендей, тікелей мекенжайлық сатудың жойылуы әлеуетті сатып алушылардың жекешелендіруге қатысуына тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Фонд-бюро расследования коррупции