В Қазақстанда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға дайындық, оны жасап жатқан немесе жасаған азаматтарды көтермелеу ережелері өзгерді. Біржолғы ақшалай сыйақының ең жоғары мөлшері 17,3 млн теңгені құрайды.
НЕ ӨЗГЕРДІ
Тиісті өзгерістер Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2026 жылғы 5 тамыздағы бұйрығымен енгізілді. Құжат сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қарсы күреске жәрдемдескен азаматтарға өтініштерді қарау және сыйақы төлеу тәртібін нақтылайды.
Төлем мөлшері пара сомасына немесе келтірілген залалға байланысты. Ең жоғары сома — 17,3 млн теңге, ол қолданыстағы нормативтер мен 2026 жылға арналған АЕК мөлшері негізінде есептелген.
КІМ КӨТЕРМЕЛЕУ АЛА АЛАДЫ
Өздеріне белгілі сыбайлас жемқорлық фактілері туралы басшылыққа немесе уәкілетті органдарға міндетті түрде хабарлау лауазымдық міндеттеріне кіретін мемлекеттік қызметшілер үшін грамота немесе алғыс қарастырылған.
Оларды ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі не ҰҚК аумақтық органдары көтермелейді. Ақшалай сыйақы алу үшін хабарламаны қарау мән-жайлары мен нәтижелеріне байланысты есептеу ережелері қолданылады.
ӨТІНІШ ҚАЛАЙ ҚАРАЛАДЫ
Уәкілетті орган көтермелеуге құқығы бар адамға өтініш беру тәртібін түсіндіруі тиіс. Өтініш бергеннен кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын орган 10 жұмыс күні ішінде қажетті құжаттарды ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне немесе ҰҚК аумақтық органына жібереді.
Пакетке көтермелеу туралы өтінішхат, тіркеу нөмірі бар өтініштің көшірмесі, бұзушыны жауапкершілікке тарту кезінде әкімшілік іс бойынша құжаттар, ал қылмыстық істер бойынша — заңды күшіне енген айыптау үкімі немесе қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы кіреді. Сондай-ақ өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және банктің ұлттық валютадағы ағымдағы шотының бар екендігі мен нөмірі туралы анықтамасы қажет.
Грамотамен марапаттау немесе алғыс жариялау үшін азаматтың өз өтініші құжаттар пакетіне қосылмайды.
АҚША ҚАШАН АУДАРЫЛАДЫ
Материалдар алынғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде олардың толықтығы мен белгіленген талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Содан кейін құжаттарды құрамына Қызметтің немесе ҰҚК аумақтық органының кемінде бес қызметкері кіруі тиіс арнайы комиссия қарайды.
Егер комиссия көтермелеу туралы шешім қабылдаса, тиісті органның басшысы 1 жұмыс күні ішінде бұйрық шығарады. Ол біржолғы сыйақы төлеуге, грамотамен марапаттауға немесе алғыс жариялауға негіз болады.
Ақша бұйрық шығарылғаннан кейін бір ай ішінде өтініш берушінің банктік шотына аударылады. Жаңа ережелер 2026 жылғы 22 тамызда күшіне енеді.
Фонд-бюро расследования коррупции