Skip to main content

Жылыту маусымына желілерді дайындауға ШҚО-да 2,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді

Submitted by Вера Александрова on

Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет резервінен Шығыс Қазақстан облысындағы жылу желілерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлу туралы қаулыға қол қойды. 

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, қаражат Риддер қаласы мен Ұлан ауданының Қ. Қайсенова кентіндегі жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын аяқтауға жұмсалады.

Негізгі соманы Риддердің ең тозған 5,9 км жылу желілерін күрделі жөндеуге пайдалану жоспарлануда. Қ. Қайсенова кентінде ұзындығы 9 км жылу желілерін қайта жаңартудың екінші кезегін іске асыруға 113 млн теңге бұрыннан бағытталған.

Белгілі болғандай, ШҚО елді мекендерінде жылу желілері 30 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді және осы уақыт ішінде оларда күрделі реконструкция жүргізілмеген. Тозу деңгейі орта есеппен 55%-дан асады, ал кейбір елді мекендерде 75%-дан жоғары. Жалпы екі жыл ішінде тозу 82%-дан 66,8%-ға дейін төмендеді.

Еске сала кетейік, былтырғы сәуірде үкімет резервінен Кентау, Риддер және Қызылорда жылу көздерін қайта жаңарту мен күрделі жөндеуге шамамен 16 млрд теңге бөлінген болатын.

Шілдеде премьер-министр Олжас Бектенов Риддер ЖЭО-ның қайта жаңартылу барысымен танысып, энергетика министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.