Skip to main content

Ақтау жылу желілерін қайта жаңартуға 3,6 млрд теңге алды

Submitted by Вера Александрова on

Үкімет резервінен Ақтаудың 9,2 км магистральдық жылу желілерін қайта жаңартуды аяқтауға шамамен 3,6 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Үкімет баспасөз қызметінің дерегінше, жобаны іске асыру 2024 жылы басталды. Бүгінгі күні екі құбырлы нұсқада 5,5 км жылу желілері тартылды. 

«Ескі болат құбырлар бөлшектеліп, диаметрі 530-ден 1020 мм-ге дейінгі пено-полиуретанды оқшаулаудағы заманауи құбырлармен ауыстырылуда. Сондай-ақ 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымында анықталған 375 ақау толығымен жойылды», - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, Ақтау жылу желісінің жалпы ұзындығы 562 км құрайды. Тозу деңгейі – 79%

Жобаны іске асыру қаланың жылу желілерінің тозуын 75%-ға дейін төмендетуге, жылумен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасын арттыруға, ыстық су беру өткізу қабілетін ұлғайтуға және пайдалану шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Сонымен қатар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында 2029 жылға дейін 175 км желілер мен жылумен жабдықтау көздерін қайта жаңарту және салу жоспарлануда. Жоба инвестициялар тарту арқылы желілердің тозуын азайтуға және коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталғаны атап өтіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Шығыс Қазақстан облысында жылу желілерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге үкімет резервінен 2,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойған болатын.