Skip to main content

Жыл басынан бері БҚО-да 20-дан астам бруцеллез жағдайы тіркелді

Submitted by News_editor on

Осы жылдың он айында Батыс Қазақстан облысында бруцеллездің 26 жағдайы анықталды.

"Қазинформ" МАА деректеріне сәйкес, облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жанагбергенова көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 3,7 жағдайды құрайтынын мәлімдеді.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 31 ауру тіркелген кезде, жұқтырғандар саны бес адамға азайды.

«17 адам жеке қосалқы шаруашылықтарда жұмыс істеу кезінде – жануарларға күтім жасау, мал төлдету және оны сою кезінде инфекция жұқтырған. Бруцеллез – бұл жануарлардан, көбінесе ірі қара малдан, қойдан, ешкіден, түйеден және шошқадан жұғатын қауіпті жұқпалы ауру», – деді Жанагбергенова.

Ол аурудың негізгі белгілеріне температураның көтерілуі, бұлшықет пен буындардағы ауырсыну, әлсіздік және тершеңдік жататынын қосты.

Департамент алдын алу шараларын сақтау қажеттігін еске салды: сүтті мұқият қайнату және етті тұтынар алдында жақсы пісіру, шикі сүт ішпеу және термиялық өңдеуден өтпеген өнімдерді жеуге болмайды.

Сонымен қатар, жануарларға күтім жасау және ет кесу кезінде қолғап қолдану керек. Ауру жануарларды оқшаулау керек, ал олардан алынған өнімдерді тұтынуға тыйым салынады. Сондай-ақ қолды сабынмен үнемі жуу маңызды. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу дәрігерге қаралу керек.

Еске сала кетейік, сәуір айында Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Буденнов ауылдық округінің Қызылту ауылында ірі қара малдан (ІҚМ) бруцеллез анықталғаннан кейін карантин енгізілді. Сол кезде тексерілген 132 бас ІҚМ-ның 5-уінен ауру расталды.