Талдықорғанда Сарқан ауданы бойынша білім бөлімінің бас бухгалтері Құрманғалиева К., осы бөлімнің бухгалтерлері Мұратова А. және Қалабаева А., «Қазпошта» АҚ аудандық учаскесінің бастығы Такен А., «Айдана» бөбекжай-балабақшасының директор м.а. Балғабаева Н. және Жетісу облысы МКБ басқармасы камералдық бақылау бөлімінің басшысы Жапабаев У.-ға үкім шығарылды.
Антикор баспасөз қызметінің мәліметінше, Құрманғалиева, Қалабаева, Мұратова және Такен білім бөлімі қызметкерлерінің шоттарына жоғарылатылған жалақыны аудару арқылы 1,6 млрд теңге ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды.
Балғабаева мен Қалабаева Жапабаевқа пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды. Пара бөбекжай-балабақшада аудиторлық тексеру жүргізбеу үшін берілген.
Құрманғалиеваға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қалабаева, Мұратова және Такен 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын алды.
Балғабаева мен Жапабаев сәйкесінше 1,2 млн теңге және 1 млн теңге көлемінде айыппұлға кесілді.
Сонымен қатар, сотталғандарға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Еске сала кетейік, Сарқан ауданы бойынша білім бөлімінің бухгалтерінің ұсталғаны былтыр сәуірде белгілі болды. Сол кезде тергеу іс-әрекеттері барысында одан 156 млн теңге табылып, алынды.
Фонд-бюро расследования коррупции