Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қаладағы мектептердің бірінің бухгалтерлеріне қатысты үкім шығарды.
Астана соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, олар алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен, қызмет бабын пайдаланып, өздеріне сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алуда айыпталды (ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы).
«Ж. мектептің бас бухгалтері және А. осы мектептің бухгалтері бола тұра, алдын ала сөз байласып, қызмет бабын пайдаланып, 2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы сәуірге дейінгі кезеңде өздерінің банктік шоттарына жалақы ретінде ақша қаражатын заңсыз аударып отырған», — делінген хабарламада.
Нәтижесінде сотталушылар мектепке 10 млн теңгеден астам мүліктік зиян келтірген.
Сот бұрынғы бухгалтерлерді кінәлі деп танып, оларды 3 жылға бас бостандығын шектеуге және 6 жыл мерзімге материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып соттады. Зиян толығымен өтелді.
Еске сала кетейік, қазан айында Шымкентте М. Әуезов атындағы №96 жалпы білім беретін мектептің бас бухгалтеріне қатысты үкім шығарылды, ол ай сайын жеке шотына бюджет қаражатын заңсыз аударып отырған. Ол 5,1 млн теңгені иемденіп үлгерген.
Сол кезде Ақтөбе облысында №48 жалпы білім беретін мектептің бухгалтері сотталды. Ол мектеп қажеттіліктеріне бөлінген 230 млн теңгені заңсыз иемденді деп айыпталды.
Қараша айының ортасында ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Ж. Жабаев атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-гимназиясының 120 млн теңгені иемденуге күдікті екі бухгалтеріне қатысты қылмыстық істі тергеп жатқаны хабарланды.
Фонд-бюро расследования коррупции