Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қазақ-өзбек шекарасында мұнай өнімдерін контрабандалау үшін тоннель салған қылмыстық топқа үкім шығарылды.
Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, қатысушылар трансулттық ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басқару, мұнай өнімдерін ерекше ірі мөлшерде ұрлау, сақтау, тасымалдау және өткізу, сондай-ақ отынды мемлекеттік шекара арқылы заңсыз тасымалдау бойынша айыпталды.
Тергеу өткен жылдың шілде айында сотталушылардың бірі Өзбекстандағы бензиннің жоғары бағасын біле тұра, осы елдің азаматымен сөз байласқанын анықтады. Сарыағаш ауданының аумағында олар Қазақстан мен Өзбекстан тұрғындары кірген қылмыстық топ құрды.
Схеманы жүзеге асыру үшін қатысушылар шаруашылық ауласының үй-жайында Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын 375 метр ұзындықтағы жерасты құбырын тартты. 2024 жылдың тамызынан желтоқсанына дейін ол арқылы 112 млн теңгеден астам сомаға 420 тонна «АИ-92» маркалы бензин жіберілді.
Мемлекеттік айыптау жазаны: топты ұйымдастырушыға 15 жыл бас бостандығынан айыруды, ал қалған қатысушыларға 12 жылдан сұрады. Сотталушылар кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады.
Нәтижесінде сот ұйымдастырушыны кінәлі деп танып, оған 15 жыл бас бостандығынан айыру, қалған қатысушыларға 13 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Тінту кезінде сотталғандардан 3 млн теңге, 16 мың литр бензин, сондай-ақ «ЗИЛ» және «ГАЗ» жүк көліктері тәркіленіп, мемлекет пайдасына алынды.
Еске салайық, өткен жылдың желтоқсанында қазақ-өзбек шекарасында құқық қорғау органдары қылмыстық топтың әрекетін тоқтатып, мұнай өнімдерін контрабандалауға арналған тоннельді жойды. Заңсыз әрекет шамамен екі ай бойы жалғасқаны хабарланды.
Фонд-бюро расследования коррупции