Жамбыл облысында пара алуға күдіктелген жоғары лауазымды полиция қызметкерлері ұсталды. ФБРК дереккөздерінің мәліметінше, бұл облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Қанат Нұрмағамбетов және оның орынбасары полиция полковнигі Оразалы Құдабаев туралы болып отыр.
Олар Тараздағы мешіттердің бірінде болған бұзақылық ісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін 3 млн теңге талап етті деген күдікке ілінген.
Ұсталғандарға қатысты тергеу әрекеттері жүргізілуде, сондай-ақ Жамбыл облысы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тергеуді бастады.
Белгілі болғандай, Нұрмағамбетов ішкі істер органдарында 1999 жылдан бері қызмет етеді. Ол басшы лауазымында бар болғаны бірнеше апта болды — биылғы жылдың 31 шілдесінен бастап. Оның орынбасары Құдабаев ІІМ-де 2001 жылдан бері жұмыс істейді және қазіргі лауазымын да шілде айының соңында алған.
Еске салайық, мамыр айында Алматыда полиция қызметкерлерінің атыс қаруы мен оқ-дәрілерді ұрлауы туралы іс бойынша үкім шығарылды. Қалалық полиция департаменті тыл басқармасының әскери және арнайы қамтамасыз ету бөлімінің аға инспекторы, департаменттің криминалисі және сол ведомствоның жүргізушісі жойылуға тиіс қару-жарақты жүйелі түрде шығарып, сатып отырған.
Фонд-бюро расследования коррупции