Павлодар облысының прокуратурасы аймақ аумағында рұқсат құжаттарынсыз жер қойнауын өндіру фактісін анықтады.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері Баянауыл ауданында «IBM Gold» ЖШС экологиялық рұқсатсыз алтын мен күміс өндірумен айналысқан. Тағы 11 кәсіпорын заңсыз жер қойнауын пайдаланумен айналысқан.
Сегіз жағдайда карьерлерде пайдалы қазбаларды өндіру белгіленген аумақтардың сыртында жүргізілген. Сондай-ақ прокурорлар өндіруге арналған келісімшарттардың мерзімін заңсыз ұзарту фактілерін анықтады.
Экологиялық және салықтық бақылау органдарының басшылары, сондай-ақ жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары облыс прокуратурасының алқа мәжілісінде бұзушылықтар мен кемшіліктерді талқылады.
«Алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимыл алгоритмі әзірленді, ол бұзушылықтарды анықтау мен жолын кесудің сапасын арттыруға бағытталған», – делінген хабарламада.
Барлық бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар, оның ішінде процессуалдық сипаттағы шаралар қабылданатынына уәде берілді.
Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті анықтағандай, «EastGoldStone» ЖШС лицензиясыз екі жыл бойы Шыбынды өзенінің арнасын бұрып, алтын өндірген.
Кәсіпорын қызметінің экологиялық залалы 300 млн теңгеден асқан. Тінту кезінде күдіктілерден 382 млн теңге тұратын 6,7 кг алтын алынды.
Фонд-бюро расследования коррупции