Skip to main content

Заңсыз алтын өндірудің 82 млн теңгеге жеткені ШҚО-да тоқтатылды

Submitted by Вера Александрова on

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) департаменті ҰҚК департаментімен бірлесіп, Самар ауданының «Кенқарын» учаскесінде жер қойнауын өз бетінше пайдалану және заңсыз алтын өндіру фактісін анықтады.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер лицензиясыз екі жыл бойы бағалы металды өндірген, сонымен қатар Құлынжон өзенінің арнасын өз бетінше өзгерткен.

Жер қойнауын пайдалану және қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманы бұзу өңір экологиясына 82 млн теңгеден астам сомаға зиян келтірген.

Учаскені тексеру барысында ҚМА қызметкерлері ауыр арнайы техниканы – экскаватор, самосвал, тиегіш, сондай-ақ өндіру үшін пайдаланылған өнеркәсіптік жабдықты тәркіледі.

Ұйымдастырушы 2 ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.

Еске сала кетейік, бұған дейін ШҚО «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ филиалы директорының орынбасарларының бірі заңсыз алтын өндіру және жер қойнауын өз бетінше пайдалану күдігімен ұсталған болатын.

Күдікті серіктестерімен бірлесіп, Ұлан ауданының Шыбынды өзені аңғарында кен орнын заңсыз игеруді ұйымдастырған. Қылмыстық әрекеттен келтірілген залал 300 млн теңгеден астам деп бағаланған.