Skip to main content

Түркістан облысында білім бөлімінің 40-тан астам қызметкері 4 млрд теңгені жымқырғаны үшін сотталды

Submitted by Вера Александрова on

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жетісай аудандық білім бөлімінің 46 қызметкеріне үкім шығарды. Олар өздеріне сеніп тапсырылған мүлікті ысырап етуде кінәлі деп танылды.

Өңір соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, айыпталушылар арасында бөлімнің екі бастығы және 44 мектеп бухгалтері бар.

«Айыпталушылар – Жетісай аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғалары (М. және Ш.), сондай-ақ 44 мектеп бухгалтері алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адам болып, мектептерде іс жүзінде жұмыс істемеген таныстары мен туыстарының банктік шоттарына жалақыны заңсыз аудару жолымен бюджет қаражатын ұрлаған», – делінген хабарламада.

Қылмыстық әрекеттер 2021 жылдан 2023 жылға дейін жасалған. Келтірілген залал 4 млрд теңгеден астамды құрады. Тергеу барысында 43 мектеп бухгалтері мемлекетке ысырап етілген қаражаттың 800 млн теңгеден астам сомасын қайтарды.

Бөлім басшылары кінәсін мойындамады. Қалған айыпталушылар кінәсін толық мойындап, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Алқабилердің үкімімен қылмыстық істің негізгі фигуранттары – бөлім басшыларына 9 және 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олардың біреуіне кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі 5 жылға кейінге шегерілді.

Екі айыпталушының әрекеті ҚР ҚК 371-бабының 1-бөлігіне («Немқұрайлылық») қайта сараланды және оларға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

34 айыпталушыға ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы («Өзге біреудің сеніп тапсырылған мүлкін ысырап ету») бойынша 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олардың ішінен:

  • 4 айыпталушыға кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі 5 жылға кейінге шегерілді;
  • 18 айыпталушыға тағайындалған жаза шартты деп белгіленді;
  • 12 айыпталушы нақты мерзімге сотталды;

Сонымен қатар, қалған айыпталушыларға 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

«Зиянды өтеу мәселесі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шешу үшін қалдырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген қорытындыда.