Skip to main content

Антикор биылғы жылдың басынан бері автожолдар құрылысы саласында 24 қылмыстық істі тіркеді.

Submitted by Вера Александрова on

Антикор автомобиль жолдары саласындағы жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтады. Соңғы 5 жылда жол саласына 6 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалғанына қарамастан, азаматтар жол желісінің жағдайына наразы болып отыр.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023-2024 жылдары мемлекеттік органдарға азаматтардан жолдардың сапасыздығына байланысты 20 мыңнан астам шағым түскен. Қоғам мұны сыбайлас жемқорлықпен байланыстырады. 

2024 жылдың басынан бері Антикор осы салада 24 қылмыстық істі тіркеді. Ведомство қызметкерлері жолдарды салу және жөндеудің барлық кезеңдерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері байқалатынын анықтады.

Мысалы, бастапқы кезеңде проблемалық учаскелер дұрыс анықталмайды, бұрын жұмыс жүргізілген жолдар жөнделеді. Жобалау кезінде смета жұмыс және материалдардың артық көлемі есебінен жасанды түрде көтеріледі. 

Келісімшарттар тәжірибесіз мердігерлермен, бір көзден немесе картельдік сөзбайлас жағдайында жасалады.

«Көп сатылы бақылау жүйесі де өзінің жеткіліксіздігін көрсетті. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының анықталған ақаулар туралы қорытындылары міндетті түрде орындалуға жатпайды, ал техникалық қадағалау өз функцияларын формальды түрде орындайды», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, ведомствода мәселені цифрландырудың жеткіліксіздігі ушықтырады деп есептейді. Белгілі болғандай, соңғы 10 жылда бюджеттен ақпараттық жүйелерді дамытуға 16 млрд теңге жұмсалған, алайда әлі күнге дейін Жолдардың цифрлық картасы әзірленбеген.

Нәтижесінде Антикор автомобиль жолдары саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 90-нан астам ұсыным дайындады.

Еске салайық, 2022 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму бұрынғы министрі Қайырбек Өскенбаев екінші санаттағы 2,5 мың км автомобиль жолдарын қалыпты жағдайға келтіргеннен кейін оларды ақылы ету жоспарланғанын хабарлаған.

Сол кезде келесі учаскелерді ақылы ету жоспарланған: Қызылорда — Арал, Ақтөбе — Орал, Ақтөбе — Орынбор, Қайнар — Бішкек, Жетібай — Шетпе — Бейнеу — Ақжигіт, Павлодар — Семей, Астананың солтүстік айналма жолы, Орал — Саратов, Көкшетау — Петропавл, Астана — Атбасар, Павлодар — Омбы, Семей — Қалбатау.

2023 жылы 8 қазаннан 1 желтоқсанға дейінгі кезеңде олардың бір бөлігі, атап айтқанда: «Бейнеу-Ақжигіт», «Павлодар-Омбы», «Көкшетау-Петропавл» және «Орал-Саратов» автомобиль жолдары ақылы негізде жұмыс істей бастады.

Сонымен қатар, ФБРК редакциясы 2022 жылдың мамыр айында-ақ Қазақстанның ақылы жолдарынан кім пайда таба алатыны туралы материал жариялаған болатын. 2019 жылы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Computer Vision Technologies» ЖШС, «Теміржол Жөндеу» ЖШС және Far Eastern Electronic Toll Collection Co., Ltd. компанияларының консорциумымен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарымен жүру үшін ақы алу жүйесін құру және қызмет көрсету бойынша 11 жылға келісімшарт жасасты.

2020 жылдың сәуірінде Тимур Құлыбаевтың компаниясы - «Computer Vision Technologies» ЖШС 3,4 млрд теңгеден астам сомаға бақылау доғаларын дайындау және орнату жұмыстарына конкурс өткізді. Жеңімпаз «НГСК КазСтройСервис» АҚ болды. Біздің есептеуіміз бойынша, бір доғаның құны шамамен 32,5 млн теңгені құрады.

Келісімшарт бойынша, мемлекет инвесторға салынған ақшаны 11 жыл ішінде ақы алудан түсетін қаражат есебінен өтеуге міндеттенеді.

Сонда біз ЖШС өз ақшасының 2 млрд теңгеден аз бөлігін салатынын, доғаларды керемет бағамен сататынын және оның орнына ҚР қарапайым азаматтарынан ақша жинау жүйесіне қызмет көрсету үшін 11 жыл ішінде 138 млрд алатынын анықтадық.

Айтпақшы, біздің жарияланымдардан кейін көлік министрлігі журнал истеріне «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Computer Vision Technologies» ЖШС-мен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарымен жүру үшін ақы алу жүйесін құру және қызмет көрсету шартын қайта қарайтынын хабарлады. Ведомство операциялық шығындар бойынша төлемдерді қысқарту ниетін білдірді.