Skip to main content

Түнде жедел жәрдем шақыра алатын барлық қазақстандықтар емес?

Submitted by Вера Александрова on

Жедел жәрдем қаражат тапшылығына байланысты төртінші санаттағы шақыртуларға тәулік бойы шығуды тоқтатуы мүмкін.

Kursiv.media мәліметінше, мұндай жағдайларға пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірмейтін, жіті ауру немесе созылмалы аурудың асқынуы салдарынан туындаған жағдайлар жатады. 

«Енді жобаға сәйкес, мобильді бригадалар төртінші санаттағы жағдайларға жұмыс уақытында — жұмыс күндері сағат 8:00-ден 18:00-ге дейін және сенбі күні сағат 8:00-ден 12:00-ге дейін шығатын болады. Сонымен қатар, жаңа жобада мобильді бригадалардың төртінші санаттағы шақыртуларға келу уақыты екі есеге — бір сағаттан 120 минутқа дейін ұлғайтылатыны көрсетілген», - делінген хабарламада.

Хабарланғандай, денсаулық сақтау министрлігі қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты тарифті өзгертуді жоспарлап отырғандарын түсіндірді. Ведомство шығындар өтелмейтінін, сондықтан қарызға батуға мәжбүр екендерін мәлімдеді. 

Құжат  «Ашық НҚА» порталында жарияланды, оны талқылау 8 қазанға дейін жалғасады.

Еске сала кетейік, бұған дейін ШҚО-дағы аудандық аурухана әкімшілігі келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін орындаған 27 кәсіпкер алдында 134 млн теңге көлеміндегі қарызды өтемегені хабарланған болатын.

Тамыз айында Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова қалалық ауруханалардың кредиторлық берешегі 14,7 млрд теңгені құрайтынын айтқан еді. 

Ол Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМСҚ) арқылы қаржыландырылатын медициналық ұйымдардың бюджеті ағымдағы жылы 120,4 млрд теңгені құрағанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5%-ға көп екенін атап өтті.