Қостанайда әлеуметтік желілер арқылы есірткі сату ісі бойынша үкім шығарылды. Жалпы айналым 100 млн теңгеден асты.
Қостанай облысы соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, бір топ адам Telegram-да «Thс Seller» есірткі дүкенін ұйымдастырып, ол арқылы 2 мыңнан астам клиент есірткі сатып алған.
Алынған қаражатты қылмыскерлер жалған адамдардың (дроперлердің) атына ресімделген банк карталары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған. Тінту кезінде құқық қорғау органдары жалпы салмағы 30 кг-нан асатын марихуана мен гашишті тәркіледі.
Сот іске қатысты айыпталушыларды кінәлі деп танып, оларға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, олардан қылмыстық кіріске сатып алынған екі автокөлік тәркіленді. Сотталғандардың саны туралы хабарланбады.
Естеріңізге сала кетейік, бұрын Ресейден есірткі сатқаны үшін сотталған қазақстандық экстрадицияланған болатын. Хабарланғандай, ол бір топ адаммен бірге Павлодар аумағында ерекше ірі мөлшерде есірткі сатқан. Ер адам одан әрі сату үшін 66 кг марихуана мен 8 кг гашишті тасымалдау кезінде ұсталған.
Фонд-бюро расследования коррупции