Ақтөбеде Қазақ-орыс халықаралық университетінің 350 студенті оқу жылының соңында оқудан шығарылды. Ата-аналар түсініктеме талап етіп, ал университет басшылығы оқу тәртібінің бұзылуы мен төленбеген шоттарға сілтеме жасайды.
Tengrinews.kz мәліметінше, ашуланған ата-аналар университет ғимаратының алдына жиналып, жоғары оқу орны бірінші курс студенттері мен бітіруші курс студенттерін қоса алғанда, студенттерді жаппай оқудан шығарғанын мәлімдеді.
«Менің қызым осы университетте үшінші курсқа барады. Екі айдан кейін оқу жылы аяқталады. Біз оқу ақысын уақытында төлеп келеміз. Жылына 600 мың теңгедей. Бір апта бұрын бізге қызым сабаққа бармағаны үшін оқудан шығарылғанын хабарлады. Иә, жасырмаймын, ол әрдайым сабаққа бара бермейді. Бірақ бұл университетте студенттердің көпшілігі осылай оқиды. Әр сессия үшін 30-40 мың теңге төлейміз. Ол ақшаны неге алады? Үшінші курс соңына дейін оқытуға рұқсат беріп, біз басқа оқу орнына ауыса алатын едік», - дейді Ақтөбе тұрғыны Динара Бекмұрзина.
Студенттердің бірі қашықтан оқитынын, бірақ оны да сабақтан қалғаны үшін оқудан шығарғанын айтады.
«Мен университетпен соттасамын. Менің келісімшарт бойынша қашықтан оқуым. Сессияны уақытында тапсырамын, төлемді де дер кезінде жүргіземін. Мені неге оқудан шығарды? Ешқандай хабарламасыз, ескертусіз. Бірден 350 адамды оқу жылының соңында көшеге лақтырып жіберді», - деп наразылық білдірді ол.
Өз кезегінде, ашуланған ата-аналарға келген Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан оларды мәселені құқықтық аяда шешуге шақырды.
«Әр студенттің университетпен жасалған келісімшарты бар. Онда нақты не жазылғанын білмеймін. Бірақ бұйрықтағы тұжырым мынадай: дәлелсіз себеппен 40 сағаттан артық сабақтан қалу. Біз қазір университет басшылығымен де келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ал ата-аналар мен студенттерге сотқа жүгінуге кеңес береміз. Әзірге басқа жолын көріп отырған жоқпыз», - деді ол.
Сонымен қатар, Қазақ-орыс халықаралық университетінің оқу процесін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Ақнұр Қадырбек студенттерді жаппай оқудан шығару заң аясында жүргізілгенін мәлімдеді.
«Барлығы 350 студент оқудан шығарылды. Оның 91-і – төлем жасамағаны үшін. Қалған 259-ы – жүйелі түрде сабақтан қалғаны үшін. Барлығы ректордың бұйрығымен оқудан шығарылды. Ректордың өзі қазір еңбек демалысында. Ақпан айында тексеру болып, оның қорытындысы бойынша осы деректер анықталды», - деп түсіндірді ол.
Белгілі болғандай, университетте 2000-нан астам студент оқиды. Онда сабақтар толық көлемде өтіп, профессор-оқытушылар құрамында ешқандай мәселе жоқ деп мәлімдейді. Алайда студенттер арасында университеттің жабылуы мүмкін деген қауесеттер тарап жатыр, оны университет басшылығы жоққа шығарып отыр.
Фонд-бюро расследования коррупции