Skip to main content

«СК-Фармация» мемлекетке 35,8 млрд теңге шығын келтірді деп күдіктелуде

Submitted by Вера Александрова on

Құқық қорғау органдары «СК-Фармация» ЖШС және фармацевтика саласы субъектілеріндегі ұрлықтар бойынша қылмыстық тергеу бастады. Іс Мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек пен Мұрат Әбеновтің Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) анықтаған деректер бойынша Бас прокуратураға жүгінуінен кейін қозғалды. 

Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында хабарлады Бақытжан Базарбек. Оның сөзінше, «Инфекцияға қарсы препараттардың ғылыми орталығы» АҚ 166,4 млн теңге сомасына дәрілік заттарды жалған клиникалық зерттеулер жүргізді деп күдіктеледі. Сондай-ақ орталықта іс жүзінде алынбаған жабдық үшін 36,7 млн теңгені негізсіз игеру анықталды.

Сонымен қатар, «КазМедПром» ЖШС «СК-Фармация» ЖШС-не медициналық қолғаптарды жеткізу кезінде 5,3 млрд теңге сомасындағы бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланды деп күдіктеледі.

Сонымен бірге, «СК-Фармация» дәрілік заттарды сатып алу кезінде бюджетке 35,8 млрд теңге көлемінде зиян келтірген деген болжам бар.

«Дәрі-дәрмек сатып алу кезінде 35,8 млрд теңге көлемінде зиян келтіру фактілері, сондай-ақ «КазМедПром» ЖШС тарапынан медициналық қолғаптарды асыра бағаланған бағамен сату Бас прокуратураның ақпаратты есепке алу кітабында (АЕК) тіркеліп, процессуалдық шешім қабылдау үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне берілді», - делінген хабарламада.

Оған қоса, жалған клиникалық зерттеулерге және 200 млн теңгеден астам қаражатты негізсіз игеруге байланысты Алматы прокуратурасына «Инфекцияға қарсы препараттардың ғылыми орталығы» АҚ қызметін тексеру тапсырылды.

Сондай-ақ Бас прокуратура «СК-Фармация» ЖШС мен Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына қосымша тексерулер жүргізуді бастады.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек пен Мұрат Әбенов ЖАП аудиті барысында анықталған деректер бойынша Бас прокуратураға өтініш жолдаған болатын. Өтініште олар «СК-Фармация» ЖШС, Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының және фармацевтика саласының басқа да қатысушыларының қызметін сынға алды.

Кейінірек «СК-Фармация» депутаттардың өтінішіне түсініктеме беріп, компанияда ЖАП аудиті барысында анықталған бұзушылықтарды жою, сондай-ақ сатып алу және логистикалық процестердің ашықтығын арттыру бойынша шаралар қолданылып жатқанын мәлімдеді.