Skip to main content

Шымкенттегі аудандық әкім аппаратының басшысы 700 млн жымқырды

Submitted by Вера Александрова on

Шымкентте сыбайлас жемқорлық үшін Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының бұрынғы басшысы сотталды.

Жоғарғы сот баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылы Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарған М., қызметтік жағдайын пайдаланып, ЖШС директоры Б. және сол компанияның құрылтайшысы К.-мен бірге бюджет қаражатын 700 млн теңге көлемінде жымқырған.

«Тұрғын үй аулаларын абаттандыруға арналған материалдардың (қоқыс жәшіктері, шағын беседкалар, тербелмелі орындықтар, ойын және жаттығу кешендері) құнын асыра көрсетілген сметалық құжаттаманы әзірлеу арқылы ойластырылған жоспарды жүзеге асырып, шамамен 700 млн теңге сомасына тапсырылған мүлікті ысырап еткен», - делінген хабарламада.

Өз кезегінде директор ЖШС құрылтайшысымен бірге міндетті төлемдерден жалтару үшін салық декларациясына бұрмаланған деректерді енгізген. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 194 млн теңгеден асқан. 

«Сонымен қатар, Б. салық органдары алдындағы берешекті жасыру мақсатында 130 млн теңгеден астам сомаға банк кепілдігін жасау үшін банктің фирмалық бланкісін қолдан жасаған», - деп хабарлады сотта.

Нәтижесінде сот әрбір айыпталушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Әкімдіктегі шенеунік мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Шымкент қаласының ауданаралық қылмыстық соты Түркістан облысы цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасының бұрынғы басшысы Мақжан Мырзасейітовке, Отырар ауданы әкімі аппаратының бұрынғы басшысы Айдос Мәуленге, Төлеби ауданы әкімдігі ақпараттық орталығының бұрынғы директоры Алмас Жолсейітовке және кәсіпкер Эркін Исаковқа үкім шығарған болатын.

Шенеуніктер пара алуда, кәсіпкер бірнеше рет пара беруде айыпталды. Сонымен қатар, Алмас Жолсейітовке қызметтік жағдайын пайдаланып жасалған алаяқтық және пара беруге серіктестік жасау айыбы тағылды.