Skip to main content

80 млн ұрлаған «Қазпошта» кассирлері Алматы облысында

Submitted by Вера Александрова on

Алматы облысының прокуратурасы «Қазпошта» АҚ-да көп миллиондық ұрлықтарды анықтады.

«Алматы облысының прокуратурасы көрсетілген мемлекеттік қызметтер үшін ақша қаражатының түсуін талдау нәтижелері бойынша «Қазпошта» АҚ-да бюджет қаражатын иемдену фактілерін анықтады», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Тергеу барысында «Қазпошта» АҚ кассирлері түбіртектерді қолдан жасап, төленген мемлекеттік баж салығының бір бөлігін иемденгені анықталды. Қылмыстық схема 2021 жылдан 2023 жылға дейін паспорттар мен жеке куәліктерді ресімдеу кезінде жұмыс істегені атап өтіледі. Келтірілген залал сомасы 80 млн теңгеден асты.

«Сот үкімімен 2 кассир мүлікті ерекше ірі мөлшерде ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып (Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы), бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, материалдық жауапты және басшылық лауазымдарды атқаруға тыйым салынды», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Қазпошта» АҚ қауіпсіздік қызметі және ревизия және бақылау басқармасы бірқатар өңірде жалпы сомасы 396,7 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтарды анықтады.

Сонымен қатар, Түркістан облысында поштаның 39 жастағы қызметкері Болат Керімқұловқа үкім шығарылғаны хабарланды. Ол Қазығұрт ауданындағы «Қазпошта» АҚ филиалында 69,8 млн теңгені жымқырды деп айыпталды.

Сот Керімқұловты ерекше ірі мөлшерде ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны 8 жыл бас бостандығынан айыруға соттады. Сонымен бірге сот поштаның аудандық филиалының бұрынғы бухгалтерия қызметкерлеріне қатысты тергеуді тоқтатудың заңдылығын тексеру туралы қаулы шығарды.