Skip to main content

Шымкент тұрғыны жүкті әйелдерді жалған жұмысқа ресімдеп, төлемдерді ұрлаған

Submitted by News_editor on

Шымкент прокуратурасы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың заңдылығын талдау барысында жергілікті тұрғынның тарапынан заңсыз әрекеттер фактілерін анықтады.

Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті жеке кәсіпкерлердің ЭЦП кілттерін пайдалана отырып, жүкті әйелдерді кәсіпорындарға жалған жұмысқа орналастырған.

Одан әрі ол оларға заңсыз түрде әлеуметтік төлемдерді ресімдеп, қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке 217 млн теңге көлемінде залал келтірілген.

Осы факті бойынша ҚК 190-бабының 4-бөлігіне («Алаяқтық») сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, Шымкент қаласының экономикалық тергеу департаментіне жіберілді.

Қазіргі уақытта істің мән-жайын толық анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысында «Успен ауданының Мансап орталығы» филиалының мамандары мемлекеттік ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында бөлінген 144 млн теңгені жымқырғаны үшін сотталған болатын.