Skip to main content

«Семей орманы» филиалының басшысы ұсталды: 20-дан астам адам қамауда

Submitted by Вера Александрова on

Абай облысында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты филиалының директоры ұсталды. Ол орман ұрлығына күдіктеледі. 

polisia.kz деректері бойынша, одан басқа құқық қорғау органдары 20-дан астам адамды қамауға алды.

«Орман ұрлығына күдікпен полицияға 20-дан астам адам жеткізілді. Тінту жүргізіліп, ондаған текше метр ұрланған іскерлік ағаш, ағаш өңдеу станоктары, ақша қаражаты және филиалдың құжаттары тәркіленді. Филиал директоры және оның сыбайластары уақытша ұстау изоляторына орналастырылды», – деп хабарлады ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Сонымен қатар күдіктілердің лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану, пара алу, мүлікті ысырап ету және құжаттарды қолдан жасау фактілеріне қатысы бар-жоғы тексерілуде. 

Айта кетейік, биылғы жылдың қаңтарында ұсталған «Ертіс Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының басшысы Арман Бектемиров жемқорлық схемасын ұйымдастыру, сондай-ақ орманды заңсыз кесу және сатуға күдіктеледі. 

Еске салайық, былтырғы жылдың маусым айында Абай облысының ормандарында үлкен өрт болып, салдарынан «Семей Орманы» орман табиғи резерватының 14 қызметкері қаза тапқан еді. Өрт 63 мың гектардан астам бірегей реликті қарағайлы орманды жойды. Келтірілген залал 160 млрд теңгеден асты.