Ақмола облысында көрсетілімді сот процесі өтті. Біржан сал ауданы әкімдігінің қызметкері алаяқтыққа оқталу үшін сотталды.
«Сот Б. аудан әкімі аппараты қызметкерінің қызмет бабын пайдаланып алаяқтыққа оқталу (ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі, 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы) жасағандығы туралы қылмыстық істі қарады», - деп хабарлады өңір соттарының баспасөз қызметі.
Тергеу деректері бойынша, сотталушы шаруа қожалығының басшысынан залал сомасын өндіріп алу туралы талап арызды сотқа бермеу үшін 2 млн теңге талап еткен.
Белгілі болғандай, әкімдік қызметкерінің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты сотқа шағым түсіруге құқығы болмаған. Сонымен қатар, бұған дейін сот шешімімен әкімдікке залалды өтеу туралы талап арызды қанағаттандырудан бас тартылған.
Айыпталушы 1 млн теңге алған кезде ұсталғаны хабарланады.
Сот оған ұрланған мүліктің 7,5 еселенген мөлшерінде айыппұл – 15 млн теңге салып, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салды.
«Заңнаманы және қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттер үшін жауапкершілікті түсіндіру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында үкімді жариялау ауылдық округтер әкімдерінің және Біржан сал ауданы әкімдігі аппараты бөлімдерінің басшыларының қатысуымен өтті», - деп қорытындылады соттардың баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жетісу облысында Сарқан ауданы әкімдігінің ТКШ бөлімінің басшысы мен мердігер ұйымның директоры туристік нысандарда модульдік дәретханалар орнатуға арналған 74,7 млн теңге бюджет қаражатын жаналап кеткені үшін сотталған болатын.
Шілдеде қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты тәркіленген мүлікті ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Залал сомасы 100 млн теңгеден асты.
Сәуірде белгілі болғандай, Тараз әкімдігінің ТКШ бөлімі мердігерге әзірленбеген төрт сметалық құжаттама үшін негізсіз 75 млн теңге аударған.
Фонд-бюро расследования коррупции