Сенат депутаты Мұрат Қадырбек «Сарыағаш» санаторийін жекешелендіруден бас тартуды талап етеді.
«Қазинформ» ХАА-ның дерегінше, ол «Сарыағаш емдеу-оңалту орталығын» жекешелендіру онда жұмыс істейтін қазақстандықтарға, сондай-ақ емделуге келетіндерге кері әсерін тигізуі мүмкін деп есептейді.
«Бүгінде санаторий демалыс пен емделуге келетін жылына 20 000-ға дейін келуші қабылдайды, тұру құны тәулігіне 14 000-нан 25 000 теңгеге дейін. Қазіргі уақытта осы аумақта 50-ден астам жеке санаторий орналасқан. Олардағы баға 40 000-нан 120 000 теңгеге дейін өзгереді, яғни қарапайым халық үшін қолжетімсіз. "2021–2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына" сәйкес санаторий бәсекелес ортаға беруге ұсынылған ұйымдар тізбесіне енгізілген. Санаторийдің кешенді жоспарға енуі өңір тұрғындарында қатты алаңдаушылық тудырады», — деді депутат.
Оның айтуынша, жергілікті тұрғындар санаторий жекешелендірілгеннен кейін жаңа иесі кірісті арттыру үшін қызметкерлерді қысқартуы мүмкін деп қауіптенеді.
Осыған байланысты депутат Қадырбек еліміздің премьер-министрі Олжас Бектеновтен санаторийді жекешелендірудің кешенді жоспарынан алып тастауды сұрады.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Сарыағаш» емдеу-оңалту кешені жекешелендіру нысандарының тізіміне еніп, сауда-саттыққа қойылған еді.
Фонд-бюро расследования коррупции