«Қайсар» футбол клубы жеке меншікке берілді. Бұл туралы Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Мемлекет басшысы жаңа Орталық стадионға барып, командамен кездесті.
Ақорда баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қайсар» толығымен жеке меншікке өткен алғашқы қазақстандық клубтардың бірі болды.
«Болашақта футбол академиясын салу жоспарлануда. Клубтың болашағы өте жақсы деп есептеймін. Барлықтарыңа сәттілік тілеймін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Telegram-арна «Дядя Ваня» клубты кәсіпкер Исламғали Қозбақов, «TAU Group LTD», «Алем строй» компаниялары мен бетон зауытының иесі сатып алғанын хабарлайды.
Хабарланғандай, жаңа инвестор балалар академиясы мен инфрақұрылымды дамытуға шамамен 12 млрд теңге бағыттауды жоспарлап отыр.
Қолда бар ақпарат бойынша, ағымдағы маусымда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы клубқа 1,918 млрд теңге бөлген.
«Қайсар» легионерсіз өнер көрсеткен Премьер-лигадағы жалғыз команда болып, 14-тің ішінде 11-орынды иеленіп, жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалды. Жекешелендіруге дейін клубтың құрылтайшысы өңірлік спорт басқармасы болды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов футбол клубтары мен олардың инфрақұрылымын жекешелендіру процесі белсенді кезеңде екенін хабарлаған болатын.
«Орталық-Азия отын-энергетика компаниясы» АҚ «Қызыл-Жар» ФК-ны сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқаны атап өтілді. «Freedom Finance» АҚ «Шахтер» ФК үшін стадион және футбол академиясын салуды жоспарлап отыр.
«Kaspi Group» АҚ «Жеңіс» ФК-ны сатып алып, Астанада футбол инфрақұрылымын дамытуды ниет етуде. Сонымен қатар, министрлік «Тараз», «Елімай» және «Ертіс» клубтары бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізуде.
Айта кетейік, өткен жылдың қаңтарында «Қайсар» ФК-ны сенімгерлік басқаруға беріп, кейіннен 5 жыл ішінде сатып алу жоспарланғаны хабарланған болатын. Бастапқы баға 1,6 млрд теңгені құраған.
Фонд-бюро расследования коррупции