Алматы прокуратурасы оқу ғимараттары мен стадионды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне (ҚазҰПУ) қайтарды.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, прокурорлар университет мүлкін заңсыз сату фактілерін анықтаған. Оқу және тұрғын үй алаңының тапшылығына қарамастан, университеттің бұрынғы басшылығы сауда-саттық өткізбей және бағалаусыз жалпы ауданы 1500 ш.м асатын екі оқу ғимаратын жеке тұлғаларға сатқан.
Соның ішінде ғимараттардың бірі кейіннен университеттің өзіне жалға берілсе, екіншісінде ойын-сауық мекемесі ашылған. Одан басқа, ҚазҰПУ-дың бұрынғы басшылығы ауданы 5 га асатын спорт стадионын үшінші тұлғаларға 10 жылға берген.
«5 жыл бойы футбол алаңы коммерциялық мақсатта пайдаланылды, ал 16 мың студенттің дене шынықтырумен толыққанды айналысуға және спорттық іс-шаралар өткізуге мүмкіндігі болмады», - делінген хабарламада.
Прокуратураның қадағалау актілері бойынша мүлік объектілері ұлттық университетке қайтарылды.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы желтоқсанда Жоғары аудит палатасының (ЖАП) төрағасы Әлихан Смайылов хабарлағандай, ведомство қызметкерлері Назарбаев университетінде 73,5 млрд теңге көлеміндегі қаражатты тиімсіз пайдалану және бұзушылықтарды анықтаған.
Фонд-бюро расследования коррупции