Алматыдағы сауда-саттықта экс-президент Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалды мемлекетке табыс еткен аяқталмаған «Орион» бизнес-орталығы сатылды.
Kursiv.media мәліметінше, аукцион 24 қазанда өтті, жалпы ауданы 21,5 мың шаршы метр болатын бизнес-орталықтың бастапқы бағасы 6,2 млрд теңге болды. Онымен қоса 0,6315 га жер телімі берілді.
Белгілі болғандай, аяқталмаған алты қабатты ғимаратта екі қабатты тұрақ және төрт қабат бар. Іргетас, қабырға, еден және баспалдақ аралықтары бойынша құрылыс жұмыстары 100% аяқталған.
Сауда-саттыққа қатысушылар саны мен осы нысанның сатылған түпкілікті бағасы туралы хабарланбады.
Еске салайық, 2022 жылдың қыркүйегінде Астананың Байқоңыр ауданы №2 соты Қайрат Сатыбалдыға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұған дейін біз тұңғыш президенттің жиенінің бірнеше эпизодта – барлығы мұнай-газ саласындағы тергеулерге қатысты айыпталатыны туралы жазған болатынбыз.
2023 жылы Сатыбалды шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш берді, алайда ШҚО соты оны қабылдамады .
Биыл хабарланғандай, Қайрат Сатыбалдыға қатысты қылмыстық істер бойынша қайтарылған активтердің жалпы сомасы 732,8 млрд теңгені құрайды.
Тамыз айында Өскеменнің №2 соты Сатыбалдының өтінішін қанағаттандырып, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін 3 жыл 3 ай 7 күн мерзімге бас бостандығын шектеумен ауыстырды.
Сонымен қатар, Сатыбалдыға пробациялық бақылау белгіленді. Тұрақты жұмысы болмаған жағдайда, оны жазасын өтеу мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартуы мүмкін.
Фонд-бюро расследования коррупции