Skip to main content

Полиция Ақтөбедегі «Посейдон» бассейніндегі екі өлім фактісі бойынша тергеуді бастады.

Submitted by Вера Александрова on

Ақтөбеде соңғы екі апта ішінде «Посейдон» жеке бассейнінде екі келуші — 27 және 38 жастағы ер адамдар қайтыс болды. Екеуі де бұл нысанға бірнеше рет барып жүрген.

Telegram-арнасы «HALYQSTAN» мәліметінше, Ақтөбе облысы полиция департаменті екі дерек бойынша да ҚР ҚК 306-бабы 2-бөлігі («Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін, адам өліміне әкеп соққан қызмет көрсету») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. 

Құқық қорғау органдары сот-медициналық сараптама тағайындады, ол аяқталғаннан кейін бассейн әкімшілігінің әрекеттеріне баға беріледі.

«Посейдон» өкілдерінің айтуынша, бассейн «техникалық себептермен» уақытша жабылған. Нысанның Instagram-дағы ресми парақшасы пікірлерді шектеп, көңіл айту да, жабу туралы ақпарат та жарияламады.

Айта кетейік, 2019 жылы дәл осы бассейнде жүрек жеткіліксіздігінен зейнеткер қайтыс болған.

Естеріңізге сала кетейік, 13 шілдеде Атыраудағы Palma аквапаркінде хлормен улану жағдайы тіркелген. 13 баланы қоса алғанда, 15 адамнан астам зардап шеккен.

Кейін санитарлық дәрігерлер қаланың басқа бассейндерінде жоспардан тыс рейд жүргізген. 20 нысан тексерілген, нәтижелер алаңдатарлық болған. Судың сынамаларының жартысына жуығы химиялық көрсеткіштер бойынша нормадан асып кеткен, ал әрбір оныншы сынамада бактериологиялық бұзушылықтар анықталған.