Осы жылдың басында ФБРК редакциясы жазғандай, су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазводхоз» және «Нұра топтық су құбыры» мемлекеттік кәсіпорындарының қызметіне тексеру жүргізуді көздеген болатын.
Редакцияның қолына «Нұра топтық су құбырының» аудиті мемлекеттік сатып алудағы бұзушылықтарды анықтағаны туралы мәліметтер түсті.
Бізге белгілі болғандай, тексеру кәсіпорынның бас директоры Ғамзат Сағандықовтың аяқталмаған құрылыс нысанын қабылдап алғанын көрсетті.
Осыған байланысты мемлекетке келтірілген залал 40,5 млн теңгеден астамды құрады.
2022 жылы «Нұра топтық су құбыры» Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы Қорғантас кентінде вахталық жұмысшыларға арналған жатақхананы жөндеуге және Ақмола облысы Бурабай ауданындағы Кенесары кентіндегі сорғы станциясының шатырын жөндеу бойынша қызметтерді ұсынуға ашық конкурс жариялады.
Сол жылдың 21 қазанында конкурс қорытындысы бойынша кәсіпорын «Евро-Құрылыс» ЖШС-мен 38 млн теңгеден астам сомаға шарт жасасты.
Айта кетейік, «Евро-Құрылыс» 13 сот ісіне, оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы бұзуға байланысты дауларға қатысушы болған. Компанияның салықтық міндеттемелер бойынша тәуекел дәрежесі жоғары.
Жобаны аяқтауға жеткізушіге үш ай берілді.
Алайда мерзім аяқталуға бірнеше апта қалғанда, тараптар негізгі шарт сомасын 1,5 есеге жуық ұлғайтып қосымша келісім жасасты.
Осылайша, құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын қалған кезде, шарт сомасы шамамен 60 млн теңгені құрады.
2024 жылғы қаңтарда тексеру барысында қабылданған жұмыстар көлемі туралы деректердің нақты көлемнен айтарлықтай алшақ екені анықталды.
Тексеру электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, су құбыры және кәріз бойынша орындалмаған жұмыстардың қабылданғанын анықтады.
Аудит жыл басында өткенін, бірақ мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы бұзу туралы іс құқық қорғау органдарына берілмегенін атап өткен жөн.
Су ресурстары министрлігі кезекті жанжалдан қорқады ма екен?
Еске сала кетейік, осы жылдың сәуірінде Президент атап өткендей, бүкіл су шаруашылығын басқару жүйесін, оның ішінде, әрине, «Нұра топтық су құбырын» қайта ұйымдастыру қажеттігі туралы айтқан болатын.
Сипатталған жағдайға қарағанда, қайта ұйымдастыру мүмкіндігінше тезірек қажет.
Фонд-бюро расследования коррупции