Skip to main content

Мұнай газын әкетуге тыйым салу тағы жарты жылға ұзартылады

Submitted by Вера Александрова on

Қазақстанда автомобильдер мен пойыздарда сұйытылған мұнай газын шығаруға тағы алты айға тыйым салынады.

«Қазақстан Республикасының аумағынан автомобиль және теміржол көлігімен сұйытылған мұнай газын, пропан мен бутанды шығаруға алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін», – делінген энергетика министрінің міндетін атқарушының бұйрығында.

Тыйымға мыналар кірмейді:

  • Қазақстан Республикасының «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Кодексінің 722-бабының 1-тармағына сәйкес салық режимінің тұрақтылығына ие, Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен өнімді бөлу туралы келісімнің (шарттың) не жер қойнауын пайдалану шартының шеңберінде өндірісті жүзеге асырған жер қойнауын пайдаланушылардың шығаруы;
  • Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қарашығанақ кен орнында өндірілген қазақстандық шикізаттан өндірілген (қайта өңделген) тауарларды шығару;
  • Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде басталып, аяқталатын транзиттік тасымалдар.

Өз кезегінде, Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) және Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) «Ағымдағы жылға арналған мұнай өнімдерін шығаруға жол бермеу және акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымы жөніндегі жол картасына» қол қойды.

«Құжат ведомстволар арасындағы одан әрі тиімді өзара іс-қимылға, тәуекелді мұнай кәсіпорындарының тізбесін айқындау жөніндегі бірлескен шараларды қабылдауға, мемлекеттік органдармен және квазимемлекеттік сектормен өзара іс-қимылға, акцизделетін тауарлар бойынша тәуекелдерді басқару жүйесі үшін тәуекел профильдерін әзірлеуге және т.б. бағытталған», - деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі.

Ағымдағы жылы МКК мұнай өнімдерін заңсыз шығарудың 299 әрекетінің жолын кескен, ҚМА мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің 13 материалын тіркегені атап өтілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін хабарланғандай, жыл басынан бері Қазақстан-Ресей шекарасында 13 650 литр көлемінде ЖЖМ заңсыз шығарудың 103 әрекеті анықталды. Қазақстан-Өзбекстан шекарасында 68 әрекет, бұл жағдайда энергия көздерінің жалпы көлемі 11 135 литрді құрады. Сонымен қатар, 3,7 млн теңге көлемінде айыппұлдар салынды.