Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) ақылы еңбекке жарамсыздық парағын енгізу туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Ведомствоның баспасөз қызметінің дерегінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, МӘСҚ-дан төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға нақты әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде ғана беріледі:
- еңбекке қабілеттілігін жоғалту;
- асыраушысынан айырылу;
- жұмысынан айырылу;
- жүктілік және босану, бала асырап алуға байланысты табысынан айырылу;
- бала бір жарым жасқа толғанға дейін оған күтім жасауға байланысты табысынан айырылу.
Осылайша, уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша төлемдер, яғни еңбекке жарамсыздық парағы бойынша, МӘСҚ қаражатынан жалдамалы жұмыскерлерге де, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға да қарастырылмаған.
Сонымен қатар, министрлік 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін әлеуметтік төлемдерді төлеуді көздейтін жаңа салық режимі енгізілетінін растады.
«Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға жоғарыда аталған әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер алу құқығын береді», – делінген хабарламада.
Еңбек министрлігі азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
Фонд-бюро расследования коррупции