Білім беру, денсаулық сақтау және қаржы салаларындағы бірқатар квазимемлекеттік ұйымдарды қаржыландыру тетігі Жоғары аудит палатасының (ЖАП) ұсынымы бойынша 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қатаңдатылады.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, Бюджет кодексіне өзгерістер енгізу республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне (ШҚЕ) мемлекеттік аудит жүргізілгеннен кейін басталған.
«Осындай тетіктер арқылы жыл сайын «Назарбаев Университеті» және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» автономиялық білім беру ұйымдары, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ), «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) және басқа да бірқатар ұйымдар қаржыландырылады», - делінген хабарламада.
Жоғары аудит палатасы Үкіметке қаржыландыру тәсілін өзгерту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. ЖАП-та қолданыстағы тетік мемлекет активтерінің өсуіне әкелмейтінін және қаражатты жұмсаудың жеткілікті ашықтығын қамтамасыз етпейтінін атап өтті.
Нәтижесінде жаңа Бюджет кодексінен мақсатты салымдар мен аударымдар арқылы қаржыландыруды көздейтін нормалар алынып тасталды. Олардың орнына заңды тұлғаларға трансферттер енгізілуде.
Ведомствода атап өткендей, мұндай трансферттер оларды алуға үміткер ұйымдар өздерінің стратегиялық құжаттарында нақты нәтижелерді жоспарлаған жағдайда ғана бөлінеді.
«Трансферттер алатын заңды тұлғалардың бірінші басшылары мемлекеттік органдардың даму жоспарларында, өздерінің ұзақ мерзімді стратегияларында және тиісті бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында айқындалған нәтиже көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жауапты болады. Сонымен қатар, олар алынған қаражатты пайдалану туралы есептердің негізділігі мен дұрыстығы үшін де жауап береді», - делінген хабарламада.
Фонд-бюро расследования коррупции