Skip to main content

Медбике СҚО-да балалардың уланудан қайтыс болуына байланысты 2 жылға бас бостандығынан айырылды

Submitted by Вера Александрова on

Солтүстік Қазақстан облысында былтырғы маусым айында 3 және 6 жасар екі бала уланып қайтыс болған Қызылжар ауданындағы Надежка ауылының медбикесіне үкім шығарылды.

Өңір соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, медицина қызметкеріне қатысты қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 317-бабының 4-бөлігі («Кәсіби міндеттерді тиісінше орындамау, салдарынан абайсызда екі адамның қаза табуы») бойынша қаралды.

Тергеу барысында былтырғы маусымда ауылдық медпункт медбикесіне аналардың бірі отбасы мүшелерінің тамақтан уланғаны туралы өтініш білдіргені анықталды.

«Айыпталушы медбике бола тұра, кәсіби міндеттерін тиісінше орындамай, қажетті алғашқы медициналық көмек көрсетпеген», - делінген хабарламада.

Медбике науқастарды ауруханаға жатқызу шараларын қабылдамаған, жаппай улану жағдайы туралы уәкілетті органдар мен аудандық аурухана басшылығына хабарламаған. Осының салдарынан 3 және 6 жасар балалар нитриттерден ұшық уланудан қайтыс болған.

Прокурор мен қайтыс болған балалардың анасы әйелді кінәлі деп танып, оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Айыпталушы мен оның қорғаушысы кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады.

Нәтижесінде сот медицина қызметкерін кінәлі деп тауып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және 3 жыл бойы медициналық қызметпен айналысуға тыйым салу жазасын тағайындады.