Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Маңғыстау облысы Маңғыстау ауылы Бесшоқы тұрғын алабындағы мектеп асханасында уланған балалардың жағдайы туралы айтты.
Zakon.kz деректері бойынша, ведомство басшысы медициналық көмекке барлығы 462 оқушы жүгінгенін хабарлады.
Оның 96-сы ауруханаға жатқызылса, 17-сі қазірдің өзінде шығарылды. Реанимацияда жатқан екі бала жалпы бөлімге ауыстырылды. Қалған 387 бала амбулаториялық ем қабылдауда. Министр жағдайдың тұрақты екенін – балалардың сауығып жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде Ulysmedia.kz журналистері Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан балалардың улануын түсіндіруді сұрады.
«Бұрын мен барлық білім беру ұйымдарында, тамақтандыру ұйымдарында заңнамалық база күшейтілуі керек деп айтқан болатынмын. Жергілікті атқарушы органдар қабылданған ережелердің қатаң сақталуын қадағалауы тиіс. Әрбір білім беру ұйымындағы бракераждық комиссиялар бұрын айына бір рет тексеру жүргізсе, енді бұл комиссия күн сайын тексеру жүргізе алады. Кез келген уақытта барып, осы жұмысты жүргізуі тиіс өңірлік мониторингтік топтар бар», – деді ол.
Министр елдің барлық өңірінде тексеру жүргізуді тапсырғанын айтты. Комиссия құрамына санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және басқа да қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері кіреді.
«Бұл жұмыс тамыз айында жүргізілгенімен, біз бұл жұмысты тағы да күшейтеміз. Жергілікті атқарушы органдар да, балалар тамағымен айналысатын кәсіпкерлер де заңның барлық талаптарын орындап, оны бұзбауы керек. Сонда біз, мүмкін, тәртіп орнатамыз. Мұнда біз мониторингтік топтардың нәтижелерін көреміз», – деп атап өтті Бейсембаев.
Журналистер министрден балалармен болған оқиғаға кім жауап беретінін де сұрады. Бейсембаев тікелей жауап бермей, қабылданған шаралар туралы адамдар тергеу аяқталғаннан кейін білетінін ғана атап өтті.
Еске салайық, 6 қыркүйекте Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылы Бесшоқы тұрғын алабында бастауыш сынып оқушылары асханада түскі астан кейін жаппай уланды. Билік әзірге оқиғаның себебін айтқан жоқ. Алайда ата-аналар сол күні балалардың мектеп асханасында езбе мен котлет жегенін айтады.
Сонымен қатар белгілі болғандай, мектеп асханасына «Шакенова Д» ЖК қызмет көрсеткен. Кәсіпорынның жылдық табысы 2,5 млрд теңгеге бағаланғаны хабарланды. Компаниямен келісімшарттардың көпшілігі бір көзден алу тәсілімен жасалған.
Фонд-бюро расследования коррупции