Skip to main content

Манғыстау облысы мектеп асханаларында дизентерия мен стафилококк анықталды

Submitted by Вера Александрова on

Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысындағы мектеп асханаларына жаппай тексеру жүргізді. Оның қорытындысы бойынша 66 мектептің 65 асхана блогында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың көптеген бұзушылықтары анықталды.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, уәкілетті органдар 18 млн теңгеден астам сомаға 57 айыппұл салып, 60 нұсқама берді, 62 қызметкерді жұмыстан шеттетті және бір материалды сотқа жіберді.

«Бұзушылықтардың негізгі себептері — санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылардың болмауы, құжатталмаған немесе мерзімі өткен өнімдер, санитарлық режимнің сақталмауы, ыстық судың болмауы, қызметкерлердің медициналық тексеруден өтпеуі және денсаулығына күнделікті бақылаудың жүргізілмеуі, анықталған бактерия тасымалдаушылар (дизентерия, стафилококк), ыдыс-аяқ пен құрал-жабдықтың тиісінше өңделмеуі – 7,2% шайындылардан ішек бактериялары табылды», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ тексерулер барысында мектептің тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі комиссияларының бақылауының әлсіздігі, медициналық тексеруден өтпеген қызметкерлердің жұмысқа жіберілуі және асханаларда білікті персоналдың болмауы атап өтілді.

Министрлік облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне профилактикалық жұмысты күшейтуді, оқу орындары мен асханаларда түсіндіру жұмыстарының сапасын жақсартуды тапсырды. 

Білім басқармасына асханаларды нормаларға сәйкес келтіру, тамақтандыру қызметін көрсетушіні конкурстық құжаттама талаптарын сақтау тұрғысынан тексеруді қамтамасыз ету, сондай-ақ тексеру комиссиясының сапалы жұмысын қамтамасыз ету ұсынылды.

Еске сала кетейік, биылғы жылдың қыркүйегінде Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылының Бесшоқы тұрғын алабында 462 бастауыш сынып оқушысы асханадағы түстен кейінгі астан кейін жаппай уланды. Сол кезде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елдің барлық мектептерінде тексеру жүргізуді тапсырды

Сонымен қатар мектеп асханасына «Шакенова Д» ЖК қызмет көрсеткені белгілі болды. Кәсіпорынның жылдық табысы 2,5 млрд теңгені құрайтыны хабарланды. Компаниямен келісімшарттардың көпшілігі бір көзден алу тәсілімен жасалған.

Кейін мектеп асханасынан алынған сынамалар мен жағындылардың 20% -ынан ішек бактериялары табылды. Асхананың алты қызметкерінен стафилококк анықталды. Сонымен қатар, ыдыс жуушы және тамақ үлестіруші дизентерия тасымалдаушылары болып шықты.

Қазан айында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы оқиғадан кейін Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы қызметінен кеткенін, ал облыс әкімінің орынбасары сөгіс алғанын айтты. Сонымен қатар, мектеп тамақтандыру қызметін жеткізуші компаниямен келісімшартты бұзды.

Биылғы жылдың қаңтарында аталған мектеп асханасының төрт қызметкері медициналық тексеруден өтпей жұмыс істегені үшін сотталды. Айыпталушылар 5000 теңгеге жалған медициналық қорытынды сатып алғандарын мойындады.

Сәуір айында мектеп асханасына өнім жеткізуге жауапты кәсіпкер әйел Динара Шакеноваға үкім шығарылды. Ол бір жыл бас бостандығынан айырылды.